Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Жастар мәслихаты мүшелерін тағайындау және алғашқы ұйымдастыру сессиясы өтті. Аталған жиынға Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаттары, мәслихаттың аппарат қызметкерлері және бұқаралық құралдарының өкілдері қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Ғаділханқызы жастар саясатының дамуына үлес қосатын белсенділерден құралған Жастар мәслихатының I шақырылымдағы депутаттары таныстырылды. Мәслихат төрағасы Г.Ғаділханқызы Жастар мәслихатының құрамындағы 13 депутатқа арнайы төсбелгі мен мандат тапсырып, жаңа құрамның жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын барысында аталған мәслихаттың төрағасы ретінде Жастар ресурстық орталығының басшысы Батуов Нұртілек Нұрбекұлы сайланды. Ол өз кезегінде көрсетілген сенім үшін әріптестеріне алғыс білдіріп, Жастар мәслихатының алғашқы сессиясына қатысқан барлық депутаттарға ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, Жастар мәслихаты жанынан құрылған тұрақты комиссиялардың қызметімен таныстырып, алдағы негізгі бағыттар мен атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Комиссиялар жастардың өзекті мәселелерін қарастыру, ұсыныстарын жинақтау және оларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізетінін айтты.
Алдағы уақытта Жастар мәслихаты мүшелері аудан жастарының мүдделерін қорғап, олардың ұсыныстары мен жобаларын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқаратынына сеніміміз мол.

