Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы ауданы бойынша филиалы Құрманғазы аудандық өңірлік кеңесінің кезекті отырысын оның төрағасы Есболат Құбашев жүргізді. Күн тәртібіне сай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов «Ауыл аманаты» бағдарламасының Құрманғазы ауданында іске асырылу барысы, игерілген қаражат, қол жеткізілген нәтижелер және туындаған мәселелер туралы хабарлама жасады.
Бөлім басшысы Нұрлыбек Бекетұлы аталған бағдарлама бойынша ауданымыздан 5 жоба қолдау тапқанын, тағы 4 жоба жасақталып «Атамекен» ҰКП облыстық филиалына жолданғанын қаперге берді. Ауданымызда 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Оның біреуі бағдарлама бойынша қаражатын алып, жұмыс жасап тұр. Қалған екеуі осы жыл ішінде қаржыландырылады. Жалпы облыс бойынша 1 млрд қаржы бөлініп, жартысы игерілген. Аталған кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Замзәгүл Карсакова инновациялық, креативті жобаларға көңіл бөлуді ұсынды. Іргелес Ресейдің Красный Яр ауданында туризмді дамыту үшін үш киіз үй құрып, біреуінде қазақтың салтын, екіншісінде ұлттық тағамдарын насихаттап, үшіншісі демалыс орны болғанын мысалға келтірді. Біздер тек лотосқа апаратынымызды, ол да қазір облыстың басқа да жерлерінде шығып жатқанын алға тартты. «Құралай» корпорациясы менеджері, өңірлік кеңестің мүшесі Батырбек Әміров туризмді дамытуға қатысты сөз қозғап, қайықтың өзі қымбат тұратынын, сол бағаға автобус алса, оған субсидия берілетінін жеткізіп, қазір жайын жүретін кез болғандықтан қармақ құруды ұйымдастыруға қатысты пікірін ортаға салды. Басқа да қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, хабарламашы тыңғылықты жауаптар қайтарды.

Келесі кезекте аудандық ветеринариялық станса басшысы Жеткіншек Ажығалиевтің Құрманғазы ауданы бойынша жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін вакцинациялау жұмыстарының барысы және ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың орындалуы туралы хабарламасы тыңдалды. Хабарламашы сібір жарасы, аусал, бруцеллез, қарасан және басқа да мал ауруларымен жасалған жұмыстардан қысқаша ақпараттар келтірді. Өңірлік кеңес төрағасы Есболат Құбашев малға ауру киік арқылы таралып отырғанын, бруцеллездің 30 пайызы аңдардан жұғатынын, сондықтан оларды атып алып, қанына зерттеу жасау арқылы төрт түліктің арасына таралуының жолын кесуге болады деген ой қозғады. Кеңес мүшесі, «Алғаяз» ШҚ жетекшісі Оразғали Алғаязовта киікті мұқият бақылауда ұстамаса ауру тыйылмайтынын, қазір түйелердің тұқайларының сырты түсіп қалып жатқанын жеткізді. Айтуынша олардың ішінде көбі сауығып кеткен.
Ветеринария саласының ардагері Нұрғизат Оразов малға вакцинаны уақытында екпесе пайдасы болмайтынына, ол үшін ветеринария жұмысын жандандыру қажеттігіне тоқталып: – Қазақстанның 18 облысында ветеринария бөлімдері бар. Біздің облыста ғана жоқ. Сол себепті осындай жағдай орын алып отыр. Ветеринария бөлек бөлім болуы керек. Штатында көбейту қажет. Сол арқылы біз малдың, оның өнімін тұтынып отырған адамның денсаулығын сақтаймыз, – деп бұл мәселені облыс әкімі ауданымызға келгенде көтеру керек деген ұсыныс жасады.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг рәсімдеу барысында талап етілетін құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органдардан алу кезінде туындайтын кедергілер мен өзекті мәселелер «Құралай» корпорациясы менеджері, өңірлік кеңестің мүшесі Батырбек Әміровтің хабарламасында қозғалды. Аудандық өңірлік кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Замзәгүл Карсакова оларды шешу үшін «Атамекен» ҰКП аудандық филиалы атынан ұсыныс жіберу, ветеринария бөліміне вакцина жөнінде халықпен тығыз байланыс, жариялылық керектігін айтты. Жеке кәсіпкер Самат Елемесов қарсақ пен қасқыр көбейіп кеткенін, лицензиясы барлар аулауға шықпайтынын айтып, далада жатқан мал өлекселерін жинаумен кімдер айналысатынын сұрады.

Соңында кеңес отырысын оның төрағасы Есболат Құбашев қорытындылап аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлеповтен осы мәселелермен айналысып, жақын арада шешуін сұрады. Бәрі де хаттамаға енгізіліп, тиісті орындарға жолданатынын қаперге берді.
Қанат ҒҰМАРОВ

