Құрманғазыда «Ұлттық кітап күні» аталып өтті

(0 Votes)
 
Кітап – тек білім мен ақпараттың көзі ғана емес, ұлттың тарихы, мәдениеті мен рухани дүниесінің айнасы. Ата-бабамыздан қалған асыл сөз, шежіре, өнеге мен өсиет – бәрі де кітаптар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сондықтан да «Кітап – білім бұлағы» деп бекер айтылмаған.
Ұлттық кітап күнінің мақсаты – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, рухани құндылықтарды дәріптеу. Бұл күні кітапханаларда түрлі әдеби кештер, көрмелер, кітап жәрмеңкелері, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылып, оқырмандарға ерекше рухани әсер сыйлайды.
Бүгінгі таңда технология дамып, ақпараттық құралдар көбейсе де, кітаптың маңызы кеміген жоқ. Қағазға басылған парақтың иісі, әр сөйлемнің астарында жатқан ой тереңдігі – тек кітаптан ғана табылады.
Ұлттық кітап күні – барша оқырман үшін ерекше күн. Бұл күн кітапты сүйетін, рухани дамуға ұмтылатын әрбір жанды біріктіретін,  білім мен парасаттың мерекесі. Осыған орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында «Кітап – рухани байлық бастауы» атты фестиваль ұйымдастырылды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов құттықтау сөз сөйлеп, үздік кітапханашыларды «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. 
2025 жылдың қорытындысы бойынша белсенділігімен ерекшеленген кітапхана жанашырлары мен кітапқұмар жандарды кітапхана директоры Анар Мусина ұлығылады. «Кітапқұмар бала» аталымын құрманғазылық Алихан Сатхан, «Ең белсенді жас оқырман» - теңіздік Назгүл Ерланқызы, «Рухани шаралардың сырлы сазы» - өнерпаз Аманжан Халықов, «Белсенді ерікті» - орлылық Жібек Хисметова, «Кітап пен әуенді тоғыстыратын өнерпаз» - аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ерасыл Самиғоллаев, «Кітапхананың әуенді серіктесі» - мәдениет үйінің әншісі Заманбек Меңдіханұлы, «Белсенді әлеуметтік желі оқырманы» - ардагер кітапханашы Талшын Мурзабекова, «Үздік жанұялық оқырман»- құрманғазылық Өтегеновтер отбасы, «Тарих тағылымының білгір оқырманы» - құрманғазылық Артур Жалғасбайұлы иеленді. Ақкөлдік Амантай Муафиховқа «Жыл оқырманы – 2025» номинациясы табысталды. Шарада С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 
Фестиваль аясында алаңда түрлі тақырыптағы инсталляциялық көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. "Бір ел – бір кітап-2026», «Бір өлке – бір жазушы», «Кітап – ұлтты тәрбиелейді» атты балаларға арналған композиция, «Хоббилер бағы» бұрышы, «Суретшілерге арналған кітаптар», «Аспаздар әлемі», «Фото әуесқойлар», «Көктем.Кітап.Жаңару» жаңа түскен кітаптар презентациясы, «Классика минуттары» поэзия сағатымен кітап мерекесіне қонақ болып келген аудан тұрғындары жақынырақ таныса алды.  
Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT