Аймаққа танымал азаматтың құрметіне ауыл шетіндегі «Қазанат» атшабарында үлкен бәйге ұйымдастырылды. Ат тұяғының дүбірі естілсе дегбіріміз қашып, делебеміз қозатын қазақ емеспіз бе «бәйге болады» дегенді естіген көпшілік көптеп жиналды. Көктем күшіне ене қоймай салқындығы сезілген күннің де қолайсыздығын елмеген жұрт ат-көлікпен бәйге алаңына ағылды. Өйткені көптен бері өтпеген ат бәйгесін сағынып қалғаны көрініп тұр. Бұл жолғы дүбірлі доданың ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да әрдайым белсенділік танытып жүретін ауданның ат төбеліндей атбегілері болды.
Алты шақырымдық тай жарысының жолына 17 тай шыққанымен алғашқы айналымда-ақ олардың қатары тым сиреп қалды. Ащы тері алынып, жақсы жаратылғандары ғана жарысты толық аяқтады. Батыс Қазақстан облысы Жанқала ауданының ат иесі Бекжан Қарабалиннің «Берекесі» жақсы бабында екенін көрсетіп өзге тайларды әудем жерде қалдырып дара шапты. Шабандозы Мерей Қолқанат жеңісіне сенімді болып кетті ме тайының басына ие бола алмай тап мәре сызығына таялғанда жарыс жолынан қиыс кетті. Абырой қуғыншылар алыста еді айналып келіп сызықты кесіп жеңімпаз атанды. Екінші орын да оралдықтарға, Тайпақ ауданының атбегісі Нұралы Кенжемұраттың «Дүлділіне» бұйырды. Маңғыстаудың Таушығынан Қилыбаевтар әулеті қиқулап қосқан «Файзасы» үштікке ілікті. Тоғыз шақырымдық құнан бәйгеге қосылған 11 аттың ішінен Маңғыстау облысының «Шетпе» ауылынан Темірбаевтар әулеті үкілеп әкелген «Жұлдыз» атты құнан шашасына шаң жұқтырмай мәре сызығынан жұздыздай ағып өтті. Жылыойлық белгілі кәсіпкер Сейтжан Балжігітовтың «Сымбаты» екінші, іргелес Х.Ерғалиев ауылынан келген Данажан Ыдырғалидың «Қаракөзі» үшінші орындарға жайғасты. Осылайша алыстан ат арытып келгендер текке келмегендерін аңғартып ауылдарына жүлделі оралатын болды. Көпшілік тағатсыздана күткен жиырма бір шақырымдық аламан бәйгеге құйрық-жалы таралған14 ат қосылды. Сөреден ытырылып шыққан сәйгүліктердің алғашқы айналымда бес-алтысы іріктеліп аламанның алды болуға тырысып бақты. Орлылық Рүстем Құспановтың «Қасқалдағы» бес айналым бойы топ бастап келіп алтыншысын орталағанда болдырып тұрып қалды. Өкшелеп келе жатқан қос торы жүлденің иісін сезгендей қарқынға қарқын қосып, соңғы айналымға құйрық тістесе кетті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей түрлі аламан олжа салып жүрген баласы Мұхамедәлі баптаған ақкөлдік Қасимов Ерсайынның «Тикош торысы»(шабандозы Нұрдәулет Батырбек) бағы мен бабы қатар шауып аламанның бас бәйгесі – миллион теңгені Құрманғазыда қалдырды. Екінші жүлдені Сейтжан Балжігітовтің «Құрмашторысы» кең Жылыойдың Шоқпартоғайын әкетті. Үштағаннан тәуекел етіп келген Ізбанов Манарбектің «Тәуекелі» үздік үштіктіің сапынан көрінсе, Қызылоба ауылынан Ілияс Ешмұратовтың «Ясон торысы» төрттікті түйіндеді.
Марапаттау рәсімінде тай жарыс пен құнан бәйгенің 500 теңгелік бас бәйгелерін атыраулық азамат Роман Қисыметов пен «М-автомобиль» ЖШС директоры Мақсот Сүйінов тікті. Аламан бәйгеге демеушілік еткен «Бек и Ко» ЖШС директоры Ризабек Дайыновтың миллион теңгесін жеңімпазға кәсіпкердің әкесі Өтежан ағамыз табыстады. Сонымен бірге «М-автомобиль» ЖШС директоры Масқот Сайфоллаұлы аламанның екінші-үшінші орындарының 500 және 300 теңгелік байрағын ұсынып үлкен мәрттік жасады. Танымал кәсіпкерлер Біржан Кенжебаев, Ақылбек Қуанышәлиев, Оразғали Алғаязов пен жекелеген азаматтар демеушілік жасады.
Құрманғазыда ат бәйгесі өтті
- Информация о материале
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- : 56

