Құрманғазыда «Абысын-ажындар» байқауы өтті

(1 Vote)

Жаңаталап ауылдық округіндегі мәдениет үйінде абысын мен келін арасындағы татулықты насихаттай отырып, ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан «Абысын-ажындар» байқауы өтті.

Фойеде қонақтарды қарсы алу дәстүрі ұйымдастырылып, ақ пен бауырсақ ұсынылды. Байқаудың шымылдығы ақ жаулықты әжелердің орындауында «Ақ келін» әнімен түрілді. Отбасының құты, берекесі мен ұйытқысы атанған инабатты келіндер бақ сынаған сайысқа Жаңаталап, Дыңғызыл, Орлы, Теңіз, Мақаш, Бөкейхан, Құрманғазы ауылдық округінен үміткерлер қатысты.

Алдымен жүргізушілер байқау шартын түсіндіріп, әділқазы құрамын таныстырды. Қос етек көйлегі мен ақ орамалы жарасқан абысындар бар өнерлерін ортаға салып, туған өлкесі мен әулетінің намысын қорғады. Төрт кезеңнен тұрған байқау қатысушылардың ұлттық нақыштағы сәлемдесуімен басталды. Орлылық келіндер заман көшінен қалмай жасанды интеллект құралдарын сәтті пайдаланса, көрініс қою арқылы өз әулеттерін таныстырғандар да болды. Салт-дәстүр тақырыбына орай сұрақ-жауап кезеңінде ұлтымыздың құндылығы насихатталып, көне атаулар қайта жаңғырды. Келесі кезекте абысын-ажындар өз өнерлерімен тәнті етті. Дыңғызылдық келіндер Шәмші әндерінен попурри орындаса, орлылық абысындар аспаптарда сүйемелдеумен домбырада «Келіншек» күйін күмбірлетіп, одан әрі әзіл-қалжың аралас қойылымдарын ұсынды. Жаңаталап, Бөкейхан ауылдық округтерінің келіндері де әртістік шеберліктерімен тәнті етсе, «Теңіздің толқындары», «Сырлы абысындар» топтарынан құрылған ауыл келіндері, құрманғазылық Қаражановтар отбасының келіндері өз өнерлерімен зал толы көрерменді тәнті қылды. Соңғы кезеңде қатысушылар дайындап әкелген қолөнер бұйымдарын таныстырды.

Жалпы байқау барысында қазақ халқының бай мұрасы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жаңғырып, абысындар арасындағы жарасымды қарым-қатынас үлгі етілді. 

Әділқазылар алқасының төрайымы Балғаным Хасенова әулеттегі бірліктің, өнер мен өнегенің, ұлттық болмысқа деген құрметтің жарқын көрінісін көрсеткен абысынды-келіндерге алғысын білдірсе, алқа мүшесі Болат Бидоллаев келіндердің жіберген қателіктері мен ұтымды тұстарына тоқталды. Мәселен, дыңғызылдық келіндердің таныстыру сәтінде атасының есімін айтуы, Теңіз, Мақаш ауылынан қатысушылар бір әулеттің атынан шықпауы, т.б. сынды қателіктер ескертілді. Сайыс қорытындысымен бас жүлдеге Жаңаталап ауылдық округінен қатысқан Шөкешовтердің абысын-ажындары лайық деп танылды.

 

Жүлделі І орын- дыңғызылдық Баймұратовтар, ІІ орын – Орлы ауылынан Шакуповтер, ІІІ орын – бөкейхандық Ниязовтар отбасының келіндеріне бұйырды. Теңіз ауылдық округінен - «Теңіздің толқындары», Мақаш ауылдық округінен – «Сырлы абысындар», Құрманғазы ауылдық округінен - Қаражановтар келіндеріне Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға сайысқа демеуші болған "Жайдарлым" өнер мектебінің директоры Өркен Тәжібаев, "Alma stor" дүкенінің иесі Алмагүл Бауыржанқызы, жеке кәсіпкер Жанар Химеденова, "Береке" дүкенінің иесі Шынар Саясатқзы, жеке кәсіпкерлер Айсұлу қуантқанқызы, Лайық Саясатқызы атынан қаржылай сертификаттар ұсынылды. 

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT