Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасын орындау мақсатында еліміз бойынша «World Cleanup Day» экологиялық акциясы өтті.
Одан ауданымызда шеттеп қалмай аудан әкімдігі, дербес бөлімдер, мекемелер сенбілікке шығып, Құрманғазы ауылдық округіндегі Тәуелсіздік саябағы, Қайролла теректері аумағын арам шөптер мен қоқыстардан тазартты. Жұмыла кіріскен жұмыстың басында өзі бірге атсалысып аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов жүрді.
Тәуелсіздік саябағының кіре берісінде шөп қаулай өскен орында аудандық мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік көмек көрсету аумақтық орталығының қызметкерлері жұмыс жасап жатқан. Бір айналып келгенімізде орталық басшысы Болат Жүгінісов арам шөптерден түгел тазартылғанын көрсетті.
Аудандық білім бөлімі өз ғимараттары алдындағы жапырақтарды жинап болып, саябақ тазалығына атсалысты. Басқа ұжымдарда жақсы жұмыс жасады. Жігіттер мен қыздар шөптерді күрекпен шауып, отыра қалып қолмен жұлып, қапқа салып, айырмен бір жерге үйіп ерінбей іске кіріскен соң нәтижесінде аталған саябақ біраз тазаланып қалды.
– Бүгінгі сенбілік 20 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалақ күніне орай өткізіліп отыр. Аудан орталығында 150-дің үстінде адам жұмылдырылды. Құрманғазы ауылының орталығындағы Тәуелсіздік саябағы, Қайролла теректерінде тазалық жұмыстары жасалды. Мұндағы қоқыстарды шығаруға бізге «Зере» жеке кәсіпкерлігі техникасымен көмектесті. Мекемелерден бөлек аудан тұрғындары да қатысуда. Жалпы Құрманғазы ауданы бойынша 19 округтен бүгінгі сенбілікке мыңнан астам адам қатысып, 50 тоннадай қоқыс жиналды. Әрбір округ бойынша сенбілікке кемінде 1 техникадан тартылды. Осындай сенбіліктер «Таза Қазақстан», «Таза ауыл» акциясы аясында алға қарай да жалғасын табады, – деді бізбен әңгімесінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрбек Шамшеденов.
Қанат ҒҰМАРОВ






