Құрманғазы ауданында республикалық референдум 36 учаскелік референдум комиссиясында өтті. Таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастаған учаскелерде алғашқы дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар ұсынылды.

Ауданда республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 33 736 азамат тіркелген. Дауыс беру барысында ұлттық киім киген әжелер, сондай-ақ отбасымен бірге келіп дауыс берген тұрғындар да болды.

Аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде учаскелер алдында Амал мерекесіне орай концерттік шаралар өтті. Учаскелерге келген тұрғындар ақтан ауыз тиіп, бауырсақтан дәм татты.



Референдум күні бірқатар ауылдық округтерде түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылды. Нұржау ауылдық округінде тұрғындар көше болып келіп, референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Сондай-ақ ұлттық спорт ойындарынан спорттық шаралар өткізілді.

Теңіз ауылдық округінде жергілікті футбол құрамасының мүшелері ұжым болып келіп, дауыс берді.

Ал шалғай ауылдарда тұратын тұрғындардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы жылжымалы дауыс беру жәшіктері жеткізіліп, азаматтардың өз таңдауын жасауына мүмкіндік берілді.

Осылайша, Құрманғазы ауданында референдум күні тұрғындар белсенділік танытып, қоғамдық шаралар мен мәдени бағдарламалар арқылы көтеріңкі көңіл-күй қалыптасты.

