С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ұлттық өнерді дәріптеуші жырау, жерлесіміз Кәрім Қисамеденұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Жырау үні – ұрпаққа аманат» атты шара өтті. Аталған мәдени іс-шараның бірінші бөлімі ғылыми конференциядан, «Кәрім жырау» кітабының тұсаукесерінен, Қазақстанға танымал ақындар қатысқан халықаралық, республикалық айтыс ақындарының шеберлік сағатынан тұрды. Түстен кейін өткен екінші бөлімі облыстық ақындар айтысына жалғасып, соңы марапаттауға ұласты.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов жыраулар мектебінің көрнекті тұлғасы Кәрім жыраудың есімі ұмытылмайтынын айтып, ұрпағы Нұрлан Кәрімұлына Естелік хатын табыс етті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, танымал ақындар Нұрлығайын Нұғыманов, Таңатар Дәрелов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқар Шаяхметов, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ақын Нұрым Ерғалиев, филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры, Журналистер академиясының академигі Сансызбай Мадиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Жұмабай Құлиев, «Үш қиян» баспасының директоры, журналист Махмұт Қосмамбетов пен журналист, баспагер Бақытжан Қосбармақов жыраулар тарихтың қазынасын сақтаушылар, тірі кітапханалар екеніне, «Кәрім жырау» кітабы қазақ әдебиетінен өзіндік орнын алатынына тоқталды. Жаңа кітаптың тұсауын ел ағасы Өмірзақ Қажымғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, кітаптың авторы Сансызбай Мадиев, журналистика ардагері Жұмақай Ғұмаров кесті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, республикалық сал-серілер байқауының лауреаты, ақын-сазгер Елемес Мағазов Кәрім Қисамеденұлының «Жеті шарт» өлеңін орындады. Алматы қаласынан арнайы келген PhD докторы, айтыс ақыны, халықаралық және республикалық ақындар айтысының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Қалиев пен Астана шаһарынан жеткен бүгінгі айтыс өнерінің хас шебері, мәдениет саласының үздігі, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров айтыс ақындарының шеберлік сағатын өткізді.
Түстен кейін Кәрім жыраудың туғанына 100 жыл толуына арналған облыстық ақындар айтысында он ақын бақ сынады. Сайысқа түскен жұптардың ішінен ең қызықты, тартысты айтыс Ернұр мен Фаризаның арасында өрбіді. Қыз бен жігіт айтысында екеуі де бір-бірін өлеңмен қағытып, көрермендерді күлкіге қарық қылды.
Финалға Ернұр Исахаев, Батыржан Кәдірбай, Әнуарбек Садықов, Ғалымбек Мұстафа,Нұрасыл Иса, Фариза Жетпісбай шықты. Нұрасыл мен Фаризаның арасындағы айтыс тағыда қызықты өтіп, көрермендер өздеріне әдемі жыр кешін сыйлаған екі ақынға қол соғып қошемет көрсетіп отырды. Екі ақынның тең түскені сонша әділқазылар қайым айтыс ұсынды. Оның қорытындысымен Фариза жеңімпаз деп танылды. Аудан әкімі Абат Жанғалиев керемет айтыс өткенін жеткізіп өз атынан құрманғазылық Марсель Ерсайыновқа 50 мың теңге ұсынып, биіктерден көрін деп ырымдап мойнындағы галстугін тағып, профессор Сансызбай Мәдиевті Алғыс хатымен ұлықтады. Қазылар алқасының басқа да мүшелеріне Кәрім жырау ұрпақтары атынан шапан жабылды. Әділқазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры, Журналистер академиясының академигі Сансызбай Мадиев айтысты қорытындылап, өте жақсы өтті деп бағалады. Облыстық ақындар айтысының арнайы жүлдесін, естелік мүсінін және 150 мың теңге байрағын Марсель Ерсайынов, Салауат Кәрімұлы, Ерасыл Мұхитов, Кеңес Баймұратовқа табыс етті. 170 мың теңге мен естелік мүсін ІІІ орын алған құлсарылық Ернұр Исахаев пен мақаттық Ануарбек Садықовқа ұсынылды. ІІ орынның естелік сыйлығы мен 200 мың теңге байрағын жылыойлық Ғалымбек Мұстафа мен атыраулық Батыржан Кәдірбай олжалады. Индерлік Нұрасыл Исатай І орынға лайықты деп танылып, естелік мүсін мен 300 мың теңге байрақты қанжығасына байлады. Оған қосымша Кәрім жырау ұрпақтары атынан 100 мың теңге сыйға тартылды. Бас жүлдеге ие болған атыраулық айтыс ақыны Фариза Жетпісбайға 400 мың теңге мен естелік мүсінді аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы табыстап, биіктерден көріне бер деген ізгі тілегін білдірді. Фариза өз тарапынан ризашылығын өлең жолдарымен өрнектеді.
Қанат ҒҰМАРОВ

