Бүгін Хиуаз ауылында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аудандық коалициясының мүшелері медицина саласының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында қатысушыларға Ата заң жобасының негізгі бағыттары жан-жақты түсіндіріліп, оның қоғам өміріндегі маңызы туралы кеңінен айтылды. Әсіресе денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге назар аударылып, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі және медицина қызметкерлерінің еңбегін қолдау бағытындағы бастамалар талқыланды.
Кездесуде коалиция мүшесі Ануарбек Сабитов конституциялық өзгерістердің әлеуметтік маңызына тоқталды.
«Жаңа конституциялық реформа ең алдымен адам құқықтары мен өмір сапасын арттыруға бағытталған. Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Заңнамалық деңгейде кепілдіктерді күшейту медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын жаңа деңгейге көтереді», – деді ол.
Коалиция мүшесі Замзагүл Карсакова медицина саласындағы жаңғырту үдерістеріне назар аударып, конституциялық реформа бүгінгі денсаулық сақтау жүйесінің заманауи бағыттағы жүйелі өзгерістеріне берік құқықтық негіз қалыптастыратындығын атап өтті.
Медицина саласының мамандары да өз пікірлерін білдіріп, күнделікті қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелерді көтерді.
Жиынды қорытындылай келе, коалиция мүшелері ақ халаттыларды 15 наурыз күні референдумға қатысып, дұрыс шешім қабылдауға шақырды.

