Көктемгі су тасқыны - күннің жылынып, қардың еруі салдарынан өзен-көлдердің арнасынан тасып, айналасына қауіп төндіретін табиғи-техногендік апатты жағдай. Ол үй-жайлардың, түрлі ғимараттардың су астында қалуына, көпірлер мен жолдардың қирауына, жан-жануарлардың тұншығуына апарып соқтырып, елеулі материалдық шығындарға батырады.
Наурыз туып, көктемнің келуі, бұрынғыдай емес арналардың толы болуы су тасқынының қаупі болатынын тағы да еске салғандай. Соңғы жылдардағы табиғи апаттар бұл мәселенің маусымдық емес, жүйелі сипат алғанын анық көрсетті. Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын жергілікті атқарушы орган қыс мезгілінен бастап қолға алды. Аудан көлемінде көктемгі су тасқының алдын алу жұмыстары және су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалысының жай-жапсарын аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әділ Қонқаевтан сұрап білген едік. Ол төмендегі мәліметтерді алдымызға тосты.
Аудандағы ауылдық округтің 16-сында өзен-су бойына жақын орналасқандықтан көктемгі тасқыннан су басу қаупі бар. Өңірдің басты су артериясы саналатын Қиғаш және Шарон өзендері елді мекендер аумағымен өтеді. Қиғаш өзенінің оңтүстігінде орналасқан Каспий теңізімен арақашықтық 75 шақырымды құрайды, ені-80-100 метр, жоғарғы деңгейлі тереңдігі 4,6 метр. Шарон өзені елді мекендер аумағымен 98 шақырым ағып өтіп, Құрманғазы ауылының оңтүстігінен 35 шақырым шамасында Каспий теңізіне құяды, ені 35-50 метр, орташа болжамды тереңдігі 3,16 метр. Негізі көктемгі су тасқыны орташа есеппен 47 күнге созылады. Қазіргі уақытта Еділдің бойындағы Волгаград су электр стансасында(ГЭС) екі шлюздің жарамсыз күйде болуына байланысты трансшекаралық Қиғаш, Шарон өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі байқалуда. Құрылысы 1980 жылдары салынған шлюздер Еділ өзені мен оның тармақтарындағы, соның ішінде ауданымыздың негізгі ауызсу көзі болып табылатын Қиғаш өзеніндегі су деңгейін реттеп отырады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қиғаш өзеніндегі су деңгейі 5,85 метрден 6,72 метрге дейін, яғни 87 сантиметрге көтерілді. Гидролог мамандардың және Қиғаш су сорғы станциясының болжамы бойынша су жіберу көлемі ұлғая берсе су деңгейі 5–6 есе артып, көлемі секундына 26000 текшеметрге дейін жетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде су деңгейінің 8 метрден жоғары көтерілуіне алып келіп. ауданның Қиғаш, Дыңғызыл, Шортанбай, Көптоғай, Бөкейхан және Кудряшов ауылдық округтерін су басу қаупін тудырады.
Тасқын судан қорғану мақсатында Дыңғызыл ауылында екі алаңға, біріншісінде 3553,55 метр, екіншісінде 259,62 метр жерге бөгет көтеру жүргізіліп, межеленген жұмыстар 100 пайызға орындалды. Шортанбай ауылындағы ұзындығы 1585,05 метр жаға бойын көтеру жұмыстарына қажетті материалдар жеткізіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 50 метрдің геошпунты қағылып, бітпеген 20 метр жерге битум құюды бастады. Қазіргі уақытта мұнда трактор, манипулятор, тиегіш және өздігінен төгетін төрт техника мен жеті адам жұмылдырылып жұмыс жасап келеді. Көптоғай ауылындағы біржарымдық солтүстік және екі шақырымнан асатын оңтүстік алаңда бөгет көтеру жұмыстары толықтай аяқталды. Нақтылай кетсем, Дыңғызылда 3700 текшеметр топырақ көтеріліп, 290 метр жерге пластик геошпунт, 110 метр жерге теміршпунт қағылды. 800 шаршыметр геотекстил, 800 шаршыметр георешетка төселіп, бетон құю арқылы бекітілді. Шортанбайда 1500 текшеметр бөгет топырақпен биіктетіліп, жоба бойынша барлығы 895,8 метр жерге геошпунт орналастырылды. Көптоғайда да 3200 текшеметр топырақпен бөгет соғылып, 216 метр жерге геошпунт, 167 метр жерге теміршпунт қағылды.
Су тасқынынан күрделі жағдай туындай қалсе тұрғындарды эвакуациялайтын орын дайындалып қою жоспарланды. Аудан аумағында орналасқан 28 эвакуациялық қабылдау пункттері мен 5 эвакуациялаудың аралық пункттері дайындыққа келтірілетін болады. Халықты орналастыру және тасымалдау үшін Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі мен ауданның білім бөлімінің мекемелеріндегі автобустарды уақытша пайдалану жөнінде келісілді. Сонымен бірге үй-жайсыз қалғандарды тамақтандыру және күнделікті қажетті тауарлармен, гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 37 жеке кәсіпкермен келісімшарт жасақталды. Аудандық ауруханаға қарасты әр округтегі 14 дәрігерлік амбулатория медициналық қызмет көрсететін болады. Дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар қоры алдын-ала жасақталды.
Аудандағы төтенше жағдайды қалпына келтіруге тартылатын жалпы техниканың саны нақтыланды, есебіміз бойынша 22 трактор, 2 бульдозер, 4 жүк автокөлігі, 8 вакуумды сорғыш, 1 Трэкол, 3 моторлы қайық, 33 мотопомпа сақадай сай тұр. Көктемгі су тасқыны кезінде республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар тас жолдарында жырылу мүмкін қауіпті учаскелері анықталмады. Ауданда жарияланған төтенше жағдайлар режиміне байланысты облыс шегіндегі Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиясын жақсарту бойынша «Bertys Construction» ЖШС мекемесімен жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстары келетін су қорын барынша тиімді қабылдауға мүмкіндік берді.
«Жаман айтай жақсы жоқ» дегендей, төтеншеліктер су тасқынына байланысты қауіп бар екенін жа¬сырмайды. Жауапты мамандар көктемде келетін мол суды тасқын болдырмай аудан аумағынан жоспарлы түрде өткізіп жіберуге дайын болуымыз қажеттігін айтады. Алайда апат айтып келмейтіні тағы бар, қалай десек те қауіпті аймақтарда барлық сақтық шараларын қолданып, тұр¬ғындардың зардап шектірмеуге әзір болуымыз қажет. Көктем келсе өзен жағасына жақын орналасқан халықтың мазасы кетеді. Кей жағдайда табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру мүмкін болмай да қалады. Алайда, қол қусырып отыруға тағы болмайды, ондай салғырттықтың соңы неге әкеліп соғатынын бұған дейін орын алған апаттарға қарап-ақ болжай беріңіз.
Айбек Нәжімов

