С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде “Bizde adambyz” Қоғамдық қоры жанынан құрылған “Талшын” театры “Өкінбе сен” атты спектаклін сахналады. Авторы - Светлана Қалиева, қоюшы режиссері - Гүлнұр Саясат.
Кейде өмірдің ең үлкен сабағын біз ең мықты адамдардан емес, ең қиын жағдайды еңсеріп жүрген жандардан аламыз.
Арбаға таңылғанына қарамастан, олар сахнаға шығып, түрлі образды сомдап, көрерменге қуаныш пен ой сыйлап жүр. Олар тағдырға налымайды, керісінше оны қабылдап, өз мүмкіндігін дәлелдеп келеді. Бұл – тек өнер емес, бұл – рухтың жеңісі.
Аудандық мәдениет үйінің 300 орындық залын лық толтырған көрермен бір деммен қарап шықты. Қошеметін аямады. Қор төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Мақсотқызы Қосмурзиева шара соңында аудан халқына ризашылығын білдірді. Аудан әкімі Абат Жанғалиев өз кезегінде қонақтарға қош келдің айтып, ықылас гүлін сыйлады. Сондай ақ аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева да қор ұжымына алғыс хат пен естелік сыйлық ұсынды.

