Кездесу мен қоштасу

(0 Votes)
 
Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры ауданымызда  гастролдік сапармен болып, өнер сүйер қауымға тамаша тартуын, Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» мелодрамасын ұсынды. Қазіргі қоғамды алаңдатар жайт – ажырасу тақырыбын қозғайтын мелодраманы қазақ тіліне аударған А.Маемиров. Қоюшы режиссері Ж.Телтаев.
 
Драма жайлы қысқаша баяндасақ, сахна төріндегі сотта түрлі тағдырлар тоғысады. Митя (Д.Серікұлы, Р.Қаден) мен Катя Лавровтар (Б.Қамешова, Ш.Күзембай) арасындағы отбасылық кикілжің күйеуінің жұмыстан соң үйге 40 минут кеш келуі мен жұбайының іссапар барысында басқа жерге қонып қалуынан туындайды. Фотографтың Катяны суретке шырт еткізе салуы, Митяға Ирина (Т.Аманғалиева) есімді әйелдің телефон шалуы отқа май құйып, өзара келіспеушіліктің түтінін одан әрі бықсыта түседі. Екеуара түсіністік пен кешірімнің ауылы жайына қалып жастарды қос судьяның алдына бір-ақ әкеледі. Отбасындағы келіспеушілік Козлов, Карилашвили, Никулин, Беляев, Миронов, Шумиловтерді де сот алдынан шығарады. Мысалы, Никулин 30 жылдан кейін алғашқы махаббатын кездестіріп, сол үшін әйелінен бас тартады. Зейнеткер Давид Керилашвили (А.Жангелдинов, А.Жанбалаев) мен 18 жасар жары Лариса (Д.Марат) бір-бірін сүйеді, алайда араларына енесі (Н.Аралбай) килігеді. Қызы анасының сөзін сөйлейді. Соңынан Давидпен кері табысады.  Қолына айыр ұстаған Беляева (Ш.Рамазанова) жанұшыра қашқан күйеуін (Е.Ертелеуов) алдына салып қуған күйі залға кіріп, сахнаға көтеріліп көрерменді қыран-топан күлкіге қарқ қылды. Аяғын әрең басып жүрген маскүнем Миронов ((Б.Өтеғалиев) әйелінен ажырасқысы келсе, Миронова (А.Қабдешова) оған мүлдем қарсы.
 
 
Драма тек трагедиялық бағытта ғана емес, жеңіл әжуа да бар. Әртістердің бәрі де өз рөлдерін шынайы орындап, шеберліктің шыңында жүргенін көрсетті. Көрермендер олардың ойындарын лайықты бағалап қошемет көрсетіп отырды. 
 
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов: – Қойылым өте жақсы дәрежеде өтті, керемет әсер берді. Ұмытылмастай рухани кеш сыйладыңыздар. Тағдырдың терең иірімдерін көрдік. Драманың күлетін, адамды ойландыратын жерлеріде болды. Өкінішке орай елімізде мұндай отбасылар кездесіп жатады. Алтын уақытын бөліп келген көрермендерге де рахмет, – деп театр ұжымына биіктен көріне беріңіздер деген ізгі тілегін жеткізіп, театрдың директоры Сағынбай Көпжасаровқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Сағынбай Көпжасаров талай дарындарды дүниеге әкелген Құрманғазы ауданына келіп жатқандарына қуанышты екенін айтып, аудан әкімдігіне, өздеріне келгеннен бері құрмет көрсетіп жүрген аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің директоры Жалғас Сағындықов, аудан өнерпазы Болат Бидоллаевқа ризашылығын білдіріп, «Атырау облыстық драма театры» кітабы мен Алғыс хатын ұсынды.
 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT