Қарияларға құрмет көрсетілді

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай «Қариялар – ақыл мен өнегенің қайнар көзі» тақырыбында кездесу кеші өтті. Кешті кітапханашы Жанаргүл Құлбаева жүргізді. Арнайы шақырылған  кеш қонақтары қариялар Мақсот Есімғалиев  пен Қымбат Зинуллина қошеметпен төрдегі орынға жайғасты. 

Қойылған сұраққа берген жауабында Мақсот Есімғалиев  тракторшы, кейін Калинин кеңшарында бригадир болып жұмыс жасағанын әсерлі әңгімеледі. Жүргізушінің  есте қалған оқиға туралы сұрағына кезінде Забурын теңіз тамағында Дружба деген аралды ашқанын, сол жерден мал азығын дайындағанын айтып: – Бірде Каспий теңізінің  суы аяқ астынан көтеріліп, қоршауында  қалдық. Арамызда бірі ескі, бірі жаңа екі водовоз бар еді. Жаңасының  цистернасына тығылдық. Осында қонып таңертең тұрсақ, судың деңгейі цистернаның мойынына  жақындап тұр екен. Екі күн су қоршауында, цистернада жаттық. Үшінші күні бізді іздеп шыққан тікұшақ келіп су тұтқынынан құтқарып, Бесшифрға апарды. Барлық малшыларды да сонда жинап жатыр екен. Қайта бақытымызға  жел болған жоқ, әйтпесе водовозды аударып тастайды ғой. Басымыздан осындай жағдайда өткен, – дей келе шараны ұйымдастырып жатқан аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.

Ардагер кітапханашы Қымбат Зинуллина еңбек жолын 1983 жылы орта қырда кітапханашы болып бастағанын, әр малшыға кітап, газет-журналдар жеткізіп жүргенін сағынышпен еске алды. Қазіргі әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Қатысып отырған қарияларды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Ғизатолла Мүрсалиев, еңбек ардагері Нәслиха Исаева құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Аудан өнерпаздары Заря Қуанышқызы, Гүлзада Кенжешова әсем дауыстарымен әндер тарту етті. Кездесуді аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина қорытындылап, шақыруды қабыл алған кеш қонақтарына шапан, орамал жауып, естелік сыйлығын табыстап кұрмет көрсетті.

Қанат ҒҰМАРОВ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT