Қабылдап құрмет көрсетті

(0 Votes)

Аудан әкімі Абат Жанғалиев мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауданымызға танымал азамат Бауыржан Зұлпыхарұлы Ақбановты 70 жасқа толуына орай қабылдады. Қабылдауға мемлекеттік қызметтің ардагерлері, бөлім басшылары қатысты.

Құттықтау сөзінде  аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы: – Бауыржан Зұлпыхарұлы 1956 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Зормата елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек  жолын кеңшарда қарапайым жұмысшы болып бастап, кейін әр жылдары партия ұйымында жасап, ауылдық округ әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық  мұрағат директоры секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Мемлекеттік қызметте жүргенде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек сіңірді. Әсіресе Бірлік ауылдық округінің әкімі қызметінде ауылішілік жолдардың салынуы, ауыз су мәселесінің шешілуі сияқты ел игілігіне айналған маңызды жұмыстардың жүзеге асуына сүбелі үлес қосты. Әріптестері  мен ауыл тұрғындарының арасында іскерлігімен, жауапкершілігімен және адамгершілігімен үлкен құрметке ие болды. Бүгінде өмірлік серігі Мәрия апаймен бірге ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп, немере-жиендерінің қызығын көріп отырған  ардақты азамат, – деп ортамызда аман жүре беріңіз  деген ізгі тілегін жеткізіп, Құттықтау хатын табыс етті.

Осындай  тілек Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы танымал ақын Таңатар Дәрелұлы, аудандық мұрағаттың директоры Бахтияр Вахитов, Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрдәулет Дәрелов тарапынан да айтылып, мерейгердің еңбегіне лайықты баға беріліп, Құттықтау хаттар табысталып, сый-сияпаттар жасалды.

Соңында Бауыржан Зұлпыхарұлы көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, бірге жұмыстас болған әріптестеріне алғысын айтып, әкімдік қызмет атқарып, ел көңілінен шығу қашанда оңайға түспейтінін жеткізіп, дендеріне саулық, бастарына амандық тіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT