Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық әл-ауқатына елеулі үлес қосатындықтан мемлекетіміз шағын және орта бизнесті әрдайым қолдап келеді. Себебі шағын кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік экономиканың дамуын ынталандырады және азаматтардың әл-ауқатын арттырады.
Елімізде шағын кәсіпорындардың пайда болуы, мейлі ол бір адамды жұмысқа алса да жаңа қызмет орындарын ашады және мемлекеттегі жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Жұмыссыздар санының азаюы өз кезегінде мемлекетке әлеуметтік жәрдемақы бюджетін қысқартуға, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар есебінен көбірек салық түсуіне және оны елдің дамуына бағыттауға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпкерлік әлеуметтік лифт ретінде де қызмет етеді. Бизнесті ең аз инвестициямен бастауға болады. Жүйелі жоба тұрақты табыс көзіне айналады және иесінің қаржылық жағдайын жақсартады. Алайда кәсіпкерліктің де басқа салалар сияқты өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Күтпеген бұрылыстарға толы жол, мұнда сәттілік күнделікті жұмсалатын күш пен төзімділіктен тұрады. «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» деген болатын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осындай кәсібіне адал, әрі оған үлкен жауапкершілікпен қарап, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған азамат Сайфулла Мұқанов. «Күнінде болған жігіттің арғы атасын сұрама» деген ғой дана халқымыз. Екінің бірі заман тынысын дөп басып Сайфулла Төлегенұлы мен оның бауырларындай бола алмайды. Әлі де болса «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп», қиындықтан қашатын жастар аз емес. Олар мемлекетіміз туғызып отырған мүмкіндікті пайдаланып бағын сынап көруден жалтарып, ақысы мол әрі жанға жайлы жұмыс іздейді. Ондай орын бос бола бермейді ғой және оған жалқауды ала ма?

Жем сатудан бастап
Сайфулла өзіне тән байыптылықпен Мәскеуді бір күнде тұрғызамын, яғни, аяқ астынан мол пайдаға кенелетін бизнес құрамын деп ұмтылмады. Қалада тұрса солай ететін шығар, ауылдық жерде оған мүмкіндік бола бермесі анық. Ауылдың өзіндік даму бағыты бар. Соның ішінде Құрманғазы ауданының экономикасы мал шаруашылығына негізделген – ол халықтың үйреніскен байырғы кәсіптерінің бірі. Аудан көлемінде ірі қара, жылқы, қой, түйе және құс өсіретін шаруашылықтар мен жеке тұрғындар көп. Сондықтан сапалы әрі қолжетімді мал азығына сұраныс тұрақты. Неге оны пайдаланып көрмеске? Жем әкеліп сатса халықта, өзі де оның пайдасын көрмей ме? Осындай оймен осыдан 10 жыл бұрын бұл кәсіппен айналысуды бастады. Жан-жағымыз су болғанымен біздің өңірде егіншілік жақсы дамымаған. Бірлі-жарым егіншілердің көкөніс өсіргені болмаса, малға жұғымды азықтық дақылдарды ешкім екпейді. Біз үшін мал азығы өз бетімен өсіп жатқан шөпті шауып алып, жинап қою. Бірақ, мал күйлі болуы үшін ол жеткілісіз, бір мезгіл қосымша жемдеуде қажет. Тұрғындарды жеммен қамту үшін Сайфуллаға оны көбіне Ресейден, іргелес жатқан Оралдан, Ақтөбеден тасымалдауға тура келді. Әрісі Қостанайдан вагонмен алдыртқан кездері де болды. Артынан халық арасында үлкен сұранысқа ие болған жемнің жүгері сияқты түрлерін әкеліп жүрді. Халықты сапалы жеммен қамтамасыз етіп, малдың өнімділігін арттыруға үлес қосуды мақсат тұтты. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына жемді алыстан тасымай, өз өңірімізде тиімді бағамен ұсыну арқылы олардың уақытын да, шығынын да азайтқанды қалады.

– Аудан тұрғындары тарапынан сұраныс жақсы болып, тұтынушылар саны жылдан-жылға артты. Әрине, бастапқыда қиындықтарда кездесті. Соның бәріне төзе білдік. Ертеңгі күнге үлкен сеніммен қарадық. Әкелген тауарымызда, оның бағасы да халықтың көңілінен шыққаны бізді қанаттандыра түсті. Бұл кәсіп тек табыс табудың жолы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың нығаюына өз үлесін қосатын маңызды іс деп есептеймін, – дейді Сайфулла.
Кәсіпкер жемді әкеліп сатумен шектеліп қалмай: «Оны ауданымызда өндіріп құрамын неге байытпаймыз? Бұл бізге де, төрт түлік өсіріп отырған ауылдықтарға да тиімді болар еді. Малдың салмағы артса, сүтті болса одан пайда көреді ғой. Неге осы бағытта ізденіп көрмеске?» деген ойға кетті. «Жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» дегендей Сайфулла ойлап қоюмен шектеліп қалатындардан емес еді. Ізденді, зерттеді, интернетті қопарды, білікті технологтармен ақылдасты.
«Ауыл аманатының» қолдауы
Одан кейін мал бордақылайтын, сүт өнімдерін сататын адамдардың сұранысымен жемді әкеліп қана қоймай оның құндылығын байытумен шұғылданды. Ол үшін арпа, бидай, жүгерінің қосындысын тартып, ішіне минералдық қоспаларды, дәрумендерді араластырып, әр малға түрлі жағдайда беретін ету керек еді. Мысалы, етті мал өсіру керек болса оған арналған қиыршық жемдердің құрамы бөлек. Сүті жақсы шығуы үшін жүгеріні көптеу салып, ішіне ақуыздар, протейні мол малдың сүйегінен жасалған ұндар қосу керек. Сатып әкеліп, қиыршықтап дайындады. Осындай өнімдерді шығарып, кәсібін дамыта түсу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасынан берілетін несие алуға қол жеткізіп, құрал-жабдық алуды жоспарлады.
– Қандай дегенмен олар арзан тұрмайды. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімімен сөйлескенімізде ұсынысымыз қолдау тапты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы маған өз кәсібімді бастауға үлкен мүмкіндік. Өткен жылы осы бағдарлама арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, Алматы қаласы арқылы Қытайдан жем өндіретін қажетті құрал-жабдықтарды сатып әкелдік. Соның арқасында өз кәсібімді бастап, Құрманғазы ауданының тұрғындарын сапалы мал азығымен қамтудамын. Бүгінде халыққа қолжетімді бағамен жем ұсынып, жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға үлес қосып жатырмын. Бұл бағдарлама мен үшін тек қаржылай қолдау ғана емес, өз ісімді дамытуға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және болашақта кәсібімді кеңейтуге жол ашқан маңызды мүмкіндік болды. Қазіргі таңда кәсібім тұрақты жолға қойылды, 4-5 ай бұрын өнімімізді шығаруды бастап кеттік. Қытайдан сатып алған құрал-жабдықтарымның өндірістік қуаты сағатына 500–600 кг жем шығаруға мүмкіндік береді. Ірі қара малға, қойға және үй құстарына арналған құнарлы жемді, сонымен қатар оның гранула түрін өндіріп, Құрманғазы ауданының тұрғындарына ұсынып келемін. Тек малға емес, жұмыртқасы жақсы әрі етті болуы үшін құстың, балапанның жемдерінде шығарамыз. Ол үшін шикізат түрінің бірін аз салсақ, басқасын көбейтеміз. Дәрумендерді көп қосуға да болмайды. Протейндерін, жұмыртқаның қабығы қатты болуы үшін қиыршық тасын, кальцийді көбейтеміз. Алдағы жоспарым – өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізу арқылы балыққа арналған жоғары сапалы экструдирленген жем шығаруды бастау. Қолжетімді бағамен оның да құрал-жабдығын алмақ ойымыз бар. Әрине, оның да өзіндік тәртіптері, қоспалары бар. Технологтармен ақылдасып, болашақта бастаймыз. Осылайша ауданымыздағы мал және балық шаруашылығын сапалы жеммен қамтамасыз етуге өз үлесімді қосуды мақсат етіп отырмын, – дейді Сайфулла Төлегенұлы бізбен әңгімесінде.
Қойма салатын жер қажет
– Жаңа әртүрлі жемдерді жасаймыз дедіңіз ғой. Олардың құрамын әзірлеуде нені негізге аласыз?
– Қазіргі уақытта ғаламтор дамыған заман ғой. Қажетті мәліметтерді содан табамыз. Ресейлік тәжірибелі технологтарменде ақылдасамыз. Өз өнімімізге сертификат алуға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне ұсыныс жібердік. Бөлімдегі жігіттер оны қарастыруда. Қарауымда 3 адам жұмыс жасайды. 2025 жылдың жазында «SAIFULLAH - Production Company» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрдық. Өзіміздің жем таситын жүк көлігіміз бар. Ауыспай қалса жалдайтында кезіміз болады. Көбіне Орал бағытына қатынайды.
– Жемді дайындау процесі қалай атқарылады?
– Бәрі автоматты түрде атқарылады. Мал азығын дайындау алдымен жем уатқыштан басталады. Дақылдар осында салынады. Одан түріне қарай ажыратқышқа келеді. Неше түрлі жем тартылғаннан кейін 1 тонналық үлкен қазанға құйылып, мұнда бәрін қажетті дәрумендермен араластырады. Содан соң қиыршықтағыш құрал-жабдыққа құйылады. Осыдан кейін кептіргіш қазанға түседі. Қиыршықталған жем ыссы болады, кептірмей солай қаптаса көгеріп кетеді. Мұнда кептіріліп, суытылып одан соң автоматты түрде қаптағышқа түсіп, қапталады.
– Сіздерде шешімін күткен қандай мәселелер бар?
–– Жүк көлігіміз кейде үлгермей жатады. Әрі ескілеу, бұзылып тұрыпта қалады. Сосын аудан көлемінен үлкен қойма салатын жер қажет. Мысалы дәнді дақылды пісетін кезінде жинап алсақ дейміз. Сонда арзанға түседі. Сақтайтын жер болмаған соң қиналамыз. Қымбаттау кезде алсақ, өніміміздің бағасына әсер етіп, халыққа да қиынға соғады. М.Әуезов атындағы орта мектептің артында, «Атырау-Жарық» мекемесінің ортасында орналасқан үлкен қоймамыз бар. Сол жерден сатамыз. Қазіргі уақытта сол жерден өнім шығаруды да қолға алып жатырмыз.
«Көптің түсін білгенше, бірдің атын біл» дегендей Сайфулла Төлегенұлынан отбасы жайлы да айтып өтуін сұрадық. Бес ағайынды, үш ұл, екі қыз екенін жеткізді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» сол ағайындарының, отбасының ауызбірлігі мен қолдауы арқасында осындай бизнеспен айналысып отыр екен. Сайфулланың жұбайы Ақсана Мұханова кассада отырса, туған інісі Жақсылық жем өнімдерін көлікпен тасымалдайды.Бір інісі Саламат қазір Ақтау қаласында тұрады. Ол да 4-5 жыл бұрын өзінің ірі жүк көлігімен 3-4 жыл қатарынан жем тасып, тұрғындар сұранысын өтуге үлкен еңбек сіңірген.
Бүгінгідей өз өнімдерімізді өндіруге басымдық беріліп отырған уақытта заман ағымын дұрыс түсініп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген Сайфулладай аптал азаматқа толағай табыс тіледік.
Қанат ҒҰМАРОВ

