Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің футбол залында ішкі істер органдарының құрметті ардагері Хисметуллин Уәлитхан Хисметоллаұлының туылғанына 80 жыл және дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай «Qurmet CUP» тақырыбымен футзалдан аудандық турнир ұйымдастырылды. Турнирге «Жұмекен», «Ақкөл», «Хиуаз», «Көптоғай», «РТС», «Кадырка», «Красиловка», «Самаркин», «Нұржау», «ПМК», «Жамбыл», «Жыланды», «Малый», «Шортанбай», «Орлы», «Сафон», «Сүйіндік», «Мақаш», «Жасталап», «Монбан», «Теңіз», «Бәйтерек», «Рембаз», «Базар» командалары қатысып, бақтарын сынады.
Ашылу салтанатын аудан өнерпазы Болат Бидоллаев жүргізіп, У.Хисметулиннің өмірбаянымен таныстырып, 1946 жылы Атырау облысының Мыңтөбе ауылында дүниеге келгенін, 1973 жылдан бастап ішкі істер бөлімінде қатардағы инспектордан бастап, балық қорын қорғау милициясы бастығына дейінгі белестерден өткеніне, 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасы қауіпсіздігін күзетуге атсалысқан білікті маман болғанына тоқталды. Мінсіз қызметі үшін бірнеше рет марапатталғанын, зейнетке шыққаннан кейін «Рсай» шаруа қожалығын құрып, 2016 жылы өмірден өткенге дейін ауданымызда асыл тұқымды жылқы өсіруге елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Ағасы Ғаббас Хисметоллаұлы сөйлеп: – Бүгін аудан әкімдігінің қолдауымен осындай үлкен турнир ұйымдастырылып жатыр. Бауырымыз Уәлитхан 25 жыл ішкі істер және балық қорғау органдарында басшылық қызметтерде болып, елдің, қоғамның қауіпсіздігін қорғауға зор үлес қосты. Сонысымен елдің есінде қалды. Нарық заманында зейнетке шықтым деп қарап қалмай мал өсіріп, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысты. Бүгінгі турнирге 24 команда қатысып жатыр екен. Жақсы ойын өрнегін көрсетеді деген сенімдемін. Командаларға сәттілік тілеймін, – деді.
Құдалары атынан мемлекеттік қызметтің ардагері Қанат Ғаббасов «Артында бар оңалар» дегендей турнирді ұйымдастырушыларға, ұрпақтарына ризашылығын жеткізіп, ауданымыздың спортшылары облыс бойынша жеңімпаз атанып жүргендерін, бұл жолы да жанкүйерлерін тәнті етеді деген сенімде екенін айтты.
Қызу да тартысты, теңбіл доп тыныштық таппаған ойында І орын мен 150 мың теңгелік байрақты «Малый» командасы иеленді. ІІ орын алған «Мақаш» командасы 100 мың теңгелік байрақты қанжығалады. 50 мың теңгелік байрақ пен ІІІ орын «РТС» командасына бұйырды. Данат Айтжанов – «Үздік ойыншы», Дулат Айтжанов – «Үздік жас ойыншы», Азат Құспанов – «Үздік сұр мерген», Расул Махмудов – «Үздік қорғаушы», Қуанышбек Зиноллаев – «Үздік қақпашы» атанды. Марапаттарды Ерлан Уәлитханұлы табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ

