Балық цехының арулары

(0 Votes)

Жаймашуақ көктемнің алғашқы айымен бірге – әйел-аналарымыздың мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жетеді. Сонымен бірге аруларымыз – ел игілігі үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген қатарластарымыз. Оларды әр саладан кездестіруге болады. Бүгін біз ауданымыздың балық шаруашылығында, «Каспий-Балық»  өндірістік кооперативінің балық цехында  жұмыс жасайтын әйелдер жайлы тоқталғанды жөн көрдік.

Балық өңдеуге, тұздауға, кептіруге арналған 1989 жылы салынған бұл цех Бірлік ауылынан екі-үш шақырым жерде «Гусиный» учаскесінде орналасқан. 1998 жылы реконструкция жасалып, өзгертіліп, кеңейтілген. 2019 жылы қайтадан реконструкция жасалып, жаңадан жақсы мұздатқыштар салынып, балық тұздайтын цех жаңарған. Аталған цех жыл сайын мұздатылған, тұздалып, кептірілген балық өнімдерін шығарып, ауданымыздың экономикасына, еліміздің экспортына, жұмыссыздықты азайтуға  өз үлесін қосуда. Қазіргі күні өндірісті дамытып, балықты бөлшектеп, филе және басқа да өнімдер шығару қолға алынуда. Демек алға қарай өндіріс аясы кеңейе түспек. Бүгінде шығарған өнімдері Қазақстан бойынша сатылып, Украина, Грузия, Ресей сияқты шет елдерге де жөнелтіледі. Көктемгі балық аулау науқаны мұз түскеннен кейін наурыз айында  басталып, мамыр айының 25-іне дейін созылады. Цехта жұмыс маусым айының 10-на дейін жалғасады. Қыста ер адамдар мұз ойып, тоңазытқыштарды мұзбен толтырып қояды. Көктемгі, күзгі науқанда балықты  мұзбен қабылдайды. 

Цех басшысы Бақытбек Имановтың айтуынша, көктемгі балық аулау науқанына көбінесе әйел адамдар тартылады. Науқанда 20-25 адам жұмысқа алынып, 12  түрлі балық – табан, қарагөз, қызылқанат және басқалары тұздалады. Әйелдер соларды сұрыптап, қораптарға бөліп салады. Құдықтан тұздалған балықты шығарып, жуып, түріне қарай тізіп, арнайы кептіретін орынға іледі. Қабылданған балық сұрыпталады. Осы цехта 15 тұрақты жұмысшы бар. Оның 8-і – әйел, 7-еуі – ер адам. Мұнда ұзақ уақыттан бері істеп келе жатқан 4-5 әйел адамнан басқасы – жастар. 

Ұзақ жылдар осы цехта тапжылмай абыроймен  еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Тамара Григорьева, Сәуле Қожабекова, Маруся Құспанова сынды ардагерлер кейінгі жастарға  үлгі. Олардың ізін жалғаған буын жоқ емес. Мысалы, Әлия Өтеғұлова, цех шебері  Айнұр Мұфтаховаға – 27 жыл, Света Гайнеловаға 12 жыл болған. Ал Раушан Балқыбаева, Жеміс Кубашева, Жанаргүл Губашева, Қарашаш Сердалиева – 7 жыл, аспазшы Рима Ержаханова – 6 жыл, Эльмира Кубашева – 5 жыл, Нұрлы Құспанова 2 жыл осы цехта  жұмыс жасап келеді. Келген балықты сұрыптап, тұздықтан шыққанын жақсылап жуып, тізеді. Бәрі де бір-бір үйдің бетке ұстарлары, шаңырақтың тірегі. Сонымен қатар кооперативтің мақтаны, қызметтеріне адал жандар. Солардың қолынан шыққан балық өнімдері Қазақстанның әр өңірінің және шетелдіктердің жеңсік асы. 

Әрқайсысы – өз ісінің мамандары. Басқа жақтан ештеңе іздемейді. Мұнда оларға  барлық жағдай жасалып отыр, екі мезгіл тамақтану да ұйымдастырылады. Әлия, Айнұр, Света, Раушан, Жеміс, Жанаргүл, Қарашаш, Римма, Эльмира, Нұрлы сынды цех қызметкерлері тұрғанда ел игілігі еселене түседі. Мерекелеріңіз құтты болсын, жұмыстарыңыздың жемісін көре беріңіздер, балық цехының арулары.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT