Аяқталған істердің саны артты

(0 Votes)

Соттың қоғамдағы рөлі шынымен де жан-жақты, бұл тәртіпті сақтауға, адамдарды қорғауға және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге көмектесетін негізгі тетіктердің бірі. Әділетсіздікке ұшыраған, басына іс түскендер соттың төрелігіне жүгінеді.

Олардың арасындағы даулар мен қақтығыстарды сот шешеді. Сонымен қатар әртүрлі жағдайларды, мүліктік келіспеушіліктерді, отбасылық жанжалдарды (ажырасу, алимент, баланың тұрғылықты жерін анықтау), шарттарды бұзу туралы істерді, еңбекте тіл табыспаушылықтарды, әкімшілік істерді талдайды.Тараптардың бірінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заң негізінде әділ шешімін табуды алдына басты міндет етіп қояды. Сот заңмен кепілдендірілген құқықтар тек сөз болып қалмайтынының дәлелі. Қоғамда жеке нормаларды ғана емес, сонымен бірге мемлекет белгілеген жалпыға міндетті ережелердің де сақталуын қамтамасыз етеді. Заңсыз әрекеттерді тоқтатып, құқықтық тәртіпті нығайтады. Бүгін біз осындай жұмыс атқарып отырған Құрманғазы аудандық сотының төрағасы Гүлсім Тасқынбаевамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Гүлсім Бестерекқызы адамдар құқы бұзылғанда, әділетсіздікке ұшырағанда өзінікін дұрыс санаса «Сотқа беремін», «Енді, сотта кездесеміз» деп сіздерге үлкен сенім артып жатады. Өйткені, бәрін әділ таразылап, заң аясында ғана шешім қабылдайтындарыңыз оларға мәлім. Әңгімемізді алдымен сіздерге түскен азаматтық істерден бастасақ. 

– Әрине, бес саусақ бірдей емес, өмір болған соң адамдар арасында әртүрлі ушыққан жағдайлар кездесіп жатады. Басқа амалы қалмағандар арыз жазып, әділ шешім іздеп, ақ-қарасын ажыратып, жаза тағайындауды сұрап сотқа келеді. Заң алдында адамдардың бәрі бірдей. Зайырлы мемлекет болғаннан кейін бір адамның құқын екіншісінің аяқ асты етуіне, қорлауына, кемсітуіне, күш көрсетуіне, діни сенімі бойынша шеттетуіне, заңды белден басып өктемдік жасауына басқа да құрамында қылмыстық әрекеттер бар жағдайларға, сол сияқты мемлекетке зиян келтіруге жол берілмейді. 2025 жылдың 1-ші жартыжылдығы мен биылғы жылдың сол мерзімінде қаралған азаматтық істер бойынша тоқталайық. Ағымдағы жылдың 6 айында азаматтық істер бойынша соттың өндірісіне 663 арыз түсіп, 14 азаматтық іс (алдыңғы есеп беру кезеңінен қалдыққа қалған 50 іс, 4 арыз), ал 2025 жылдың 6 айында 382 арыз түсіп, 13 азаматтық іс, (алдыңғы есеп беру кезеңінен қалдыққа қалған 33 іс, 1 арыз) қаралды. 2025 жылдың 6 айымен салыстырғанда талап қоюлар саны  281-ге көбейген. Аталған 663 арыздың  ішінен 1 арыз қабылдаудан бас тартылып, 47 арыз қайтарылған. Ал, 2025 жылдың 6 айында 65 арыз қайтарылған, яғни, қайтарылған талап қоюлар саны 18-ге азайған. 2026 жылдың 6 айында 418 азаматтық іс қозғалып, барлығы 580 азаматтық іс аяқталып отыр. Салыстырмалы түрде келтірсек, 2025 жылдың 6 айында 243 азаматтық іс қозғалған, барлығы 302 азаматтық іс аяқталған. Былтырғы жылмен салыстырғанда аяқталған істер саны 278-ге артқан.

– Есепті мерзімде сіздерге келіп түскен әкімшілік және қылмыстық істер туралы не айтасыз? Олар қалай шешілді?

– 2026 жылдың  6 айында әкімшілік істер бойынша соттың өндірісіне 22 талап түсті, (2 әкімшілік іс алдыңғы жылдың есептік кезеңінен қалдықта қалған). 20 талап қайтарылған, 1 шешім шығарылған, 3 іс біріктірілген. Ал, 2025 жылдың 6 айында  3 талап түсті (1 әкімшілік іс алдыңғы жылдың есептік кезеңінен қалдықта қалған), 2 талап қайтарылған, 1 шешім шыққан, 1 іс келесі есептік кезеңге қалдыққа қалған. Қылмыстық істер саны артуда. Биылғы жылдың 6 айында Құрманғазы аудандық сотының өндірісіне 63 адамға қатысты 58 қылмыстық іс келіп түскен, 7 іс алдыңғы жылдан қалдықта қалған еді. Өткен жылдың 6 айында соттың өндірісіне 38 адамға қатысты 30 қылмыстық іс  келіп түскен, 8 іс алдыңғы жылдан қалдықта қалған, яғни былтырғы жылмен салыстырғанды биыл түскен істер саны 20 іске көбейгенін қаперге береміз. Өтіп жатқан жылдың 6 айында қаралған жалпы саны 58 қылмыстық істердің  37-сі үкім шығарумен аяқталған, 14 іс жәбірленушімен татуласуларына байланысты, 2 іс басқа негіздер бойынша қысқартылған. 6 іс соттылығы бойынша басқа сотқа жолданған, 1 іс бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Жалпы 59 іс аяқталып, 6 іс қалдықта қалдырылып отыр. 

– Қанша адамға үкім шығарылды?

– Осы жылдың 6 айында 37 іс бойынша 42 адамға, 2025 жылдың 6 айында  21 іс бойынша 29 адамға қатысты үкім шығарылған, яғни биыл бұл бағыттағы істер 16-ға  көбейгені көрініп тұр. Сонымен қатар  2026 жылдың 6 айында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы 1 іс түсіп қаулы шығарылған. 2025 жылдың 6 айында 496 әкімшілік іс, ал 2026 жылдың 6 айында 527 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып аяқталды. 31 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге, яғни   6,25 пайызға көбейген. Мұның бәрінің артында үлкен жұмыс, тынымсыз еңбек жатыр. Заңдылықты сақтау, әділдіктен айнымау бағытында алға қарайда жұмыстана береміз.

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!

Сұхбатты жүргізген Айнагүл Шакупова

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT