«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, аудан әкімдігі, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімдігінде округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары иелері, БАҚ өкілдері қатысқан үлкен кездесу өтті. Мақсаты – шағын бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша бағдарламаларды түсіндіру, ауылдық жерде несиелендіру арқылы кәсіпкерлікті дамыту, осы бағытта толғандырып жүрген мәселелерді тыңдау және шешу жолдарын қарастыру. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков ашып, ауданымызға ат басын бұрған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мобильді фронт офисінің құрамын таныстырды.
Сөз кезегі мобильді фронт офисі құраманың мүшелеріне беріліп, Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқамасы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы Бибігүл Тоғызова әлеуметтік кәсіпкерліктің төрт санаты, мемлекеттік гранттар, «Бизнес Аймақ», «Атырау өнім» жобалары жайлы слайд арқылы қатысушыларды хабардар етті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Қадыров, аталған филиалдың бағдарламаларды насихаттау бөлімінің бас маманы Арайлым Байрова шағын бизнесті қолдаудың жаңа тетіктеріне, берілетін субсидияларға, жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларына тоқталды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Дулат Аралбай, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Visit Atyrau» туристік ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Айгерім Ғиззатова, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі бас менеджері Мейрамбек Ибрашов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының бас маманы Дулат Атоллаұлы, «Freedom Bank» АҚ облыстық филиалының шағын және орта бизнес бойынша жетекші маманы Дәулет Мелисов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалының шағын және орта бизнес бойынша маманы Нұрсая Болатқызы аз пайызды несиелер, субсидия бағыты және нормативтер, қажетті құжаттар, туризм саласында кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлікті қолдауға арналған жобалар мен бағдарламалар арқылы мал, техникалар мен құрал-жабдықтарды сатып алу жайлы слайд қолданып түсінік берді.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы, адвокат Ғизатолла Мүрсалиев кезінде кейбір кәсіпкерлер несие серіктестігінен үйлерін кепілге салып несие алғандарын, бірақ оны мерзімінен бұрын төлеп тастағанын жеткізді. Алайда, несие серіктестігінің тәртібіне сәйкес барлық қарыз алушылар несиелерін түгел төлемейінше бүгінде сол кепіл қайтарылмай отыр. «Құбашев.Е» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашев «Жайлау», «Кең дала», «Агробизнес», «Игілік» бағдарламаларының кейбір бөлімдерімен келіспейтінін алға тартты. Сонымен қатар қазір сырттан мал әкелу ауруға байланысты қиындап кеткендіктен «Игілік» бағдарламасы арқылы онымен айналысатын бір оператор және ветеринариялық кепіл керек керек деген ұсыныстарын ортаға салды. Үйді кепілге салғанда оны 60%-ға бағалайтынын, оған малды, жерді қосып алатынына қынжылыс білдірді. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығының иелері Бержан Кенжебаев, Тілекқабыл Қарамалаев, Гауһар Болатбаева, Оразғали Алғаязов сұрақтар қойып, несие серіктестігінен ынтымақтастық жауапкершілікті алып тастау, мал бордақылауға, етке өткізгенде субсидия төлеу және басқа да ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты өз ұсыныстарынайтып, мобильді фронт офисіне қатысушылардан қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізу үшін оларды жоғары жақтағы басшыларға жеткізулерін сұрады.Қойылған сұрақтарға қатысушылар тарапынан жауаптар қайтарылды. Аталған кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков қорытындылап, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, айтылған ұсыныстар аяқсыз қалмай хаттамаға енгізіліп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жолданатынын қаперге берді.
Соңында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мобильді фронт офисі кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары басшыларын түрлі мәселелерімен жеке қабылдады.
Қанат ҒҰМАРОВ

