Аңшылық – қазақтың байырғы кәсіптерінің бірі. Кезінде ата-бабаларымыз аң аулап бір қауым елді асырап, күнкөрістің қамына айналдырып отырған.
Еті ас-ауқатқа, терісі мен қауырсын-мамығы киім-кешекке, төсеніш-жамылғыға, кейде өзге де зат-тауарға айырбасқа пайдаланылды. Сондай-ақ саятшылық кұрып көңіл көтерудің де құралы болды. Иә, мұның бәрі бұрынырақта, заманның қиын кезеңінде бір кәдемізге жарағаны белгілі. Жалпы ата-бабамыздың көшпелі өмірінің ажырамас бөлшегіндей дүние болғанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда кейінгі уақытта аңшылықты кәсіп қылғандардың қарасы азайып барады. Бүгінде мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс салатын, қақпан құратын кәнігі аңшыларды көп кездестірмейсіз. Дейтұрғанмен ел іші болған соң аңшылықты ермек ететіндер арамызда әлі де баршылық. Солардың бірі – Хиуаз ауылының тұрғыны Тұржан Шүкірбайұлы Шамбозов.
Бұл әулетте аңшылық атадан балаға мирас болып қалған асыл мұра ретінде қабылданады. Өз атасы Зайыр да, арғы атасы Шамбоз да заманында аймаққа танымал кәнігі аңшылардың қатарынан саналды. Тазы ұстап, саятшылық құрған әйгілі сынықшы Серікбай атамен үзеңгілес жүргенін айтсақ та жеткілікті. Кезінде атағы дүрілдеп тұрған Киров атындағы кеңшардың алма бағын дәнегінен отырғызып жайқалтқан еңбекқор бағбандар әулеті. Осы бір құйқалы мекенді құтты қонысқа айналдырып бірнеше ұрпақ осында өсіп-өніп, несібесін жер-анадан теріп келеді. Бір әулетте еңбекқорлық пен табиғатқа жақындық қатар өрбіп, кейінгі буынға жалғасуы да заңдылық іспетті. Зайыр ақсақалдың аңшылық кәсібіне қызыға құмартып өскен Тұржан оның қыр-сырын зердесіне ерінбей құя білді. Аңшы серігі мылтыққа ұқыптылықпен қарауға, уақытылы майлап тұруға, оқ-дәрі жасауға әбден дағдыланып алды.
«Атамның аңшылық туралы әңгімелері бала кезімнен қызықтыратын. Дала табиғатын, аңның жүріс-тұрысын бақылауды сол кісіден үйрендім» дейді Тұржан. Тәжірибелі аңшы немересіне кәсібінің қыр-сырын ғана емес, табиғаттың тылсымын түсінуді, аңның ізін ажыратуды, оның жүріс-тұрысын бақылауды үйретті. «Асықпаған арбамен қоян алар» дегендей, оңтайлы сәтті тапжылмай күтудің, сабырлы әрі сақ болудың маңызын да үнемі айтып отырған. Бүгінде құймақұлақ немересі атасы сияқты кәнігі аңшы болып алған. Заң талаптарын сақтай отырып аңшы мылтығын қолдануға, қасқыр мен қарсақ, қоян мен құс аулауға қажетті рұқсат қағазы да бар. Сондай-ақ, бұл кәсіпке қызығушылығын жетілдіре жүріп, қазіргі уақытта тазы үйретуге де ден қойды. Ол үшін тазы ұстау да бабадан қалған дәстүрді жаңғыртудың бір жолы. Кітаптардан, ғаламтордан тазыны аңға салуды, шапшаңдығын дамытуды, оның ширақ қимылын, аңға деген қызығушылығын қалыптастыруды күнделікті жаттықтырып жүр. «Болашақта тазыны жақсылап үйретіп, қоян мен түлкіге салсам деген ойым бар. Тазының бабын келтіріп, осы дәстүрлі өнерді меңгергім келеді», - дейді.
Жаймашуақ жаздың соңғы күндерінің бірінде кешкілік қора-жай маңын бір қасқырдың торуылдап жүргені ауыл адамдарын алаңдатып қойды. Осыған дейін де бұл маңда қасқырдың малға шапқан жағдайлары болған. Жыртқыштың ауылға жақын жүруі жұрт үшін қауіп тудырған еді. Қасқыр туралы сыбыс Тұржанның да құлағына жетіп, жұмыстан келген бойда аңшы мылтығын асынып қалың қамысты бетке алды. Аса сақтықпен бұқпантайлап жүріп түз тағысының ізіне түсті. Көп күттірмей-ақ қасқырдың сұлбасы көрініп, аңшының нысанасына іліге кетті. Демін ішіне тартып сәл тұрды да Тұржан шүріппені баса салды. Дәлдеген оғы мүлт кетпей көк шулан қасқырды бірінші мүмкіндікте сұлатып түсірді. Осылайша ауылдың, мал-жанның тыныштығын алған түз тағысы Тұржанның қанжығасына байланды. Бұл оның аңшылық кәсібіндегі алғашқы олжасы емес еді.
Айбек МЕЙІРМАН


