Ардагерлермен ашық әңгіме

(0 Votes)

«Қариясын қадірлеген ел ардақты» дейді дана халқымыз. Үлкендеріміздің ақыл-кеңесі мен мол тәжірибесі, көрген-түйгені кейінгі буынға артықтық етпейді. Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев көрегенділік танытып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген Ломоносов атындағы орта мектепте ауданның әр саласында абыройлы еңбек етіп, туған жеріміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқан ардагерлермен кездесті.

Алдымен аудан басшысы заманауи типтегі жаңа білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, материалдық-техникалық базасын, оқу үдерісіне жасалған жағдайларды көріп, білім беру саласындағы жаңашылдықтарға назар аударды. Қариялармен дөңгелек үстел басындағы әңгімесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, елді мекендердің әл-ауқатын арттыру және күні бүгін шешімін күткен өзекті мәселелерден хабардар етті. Олардың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.

Ардагерлеріміз өз тараптарынан теңіздің тамағын жақсы техникамен дұрыстап қазу, ауылдың көркін бұзып тұрған бұрынғы нан-тағам комбинаты, кинотеатр, шипажай, басқа да ескі нысандарды бұзу, Қиғаш ауылында мектеп, жаңа амбулатория салу, Қиғаш жол жөндеу жұмыстарын ретке келтіру, «Жедел жәрдеммен» қамту, аудан орталығындағы инфрақұрылымды жаңарту, ауылдың кіре берісіне еңселі стелла қою, Орлы ауылында 2023 жылы басталып, әлі күнге жыр болып келе жатқан жолды бітіру, 8 жыл бойы бітпей сағыздай созылған «Бірлік-Құрманғазы» тас жолын аяқтау, 2022 жылдан бері жұмысы өз деңгейінде жүрмеген Қиғаш өзенін түп тереңдетуді жандандыру, мал ауруы аусалға қарсы жұмыс жүргізіп, өтемақы төлеу, Ақкөл ауылындағы орта мектепке балалардың қатынасын жеңілдету үшін жол мен жарықты шешу, т.б. өзекті мәселелерді көтерді. Аудан басшысы Нұрсұлтан Орақұлы ауылдық округтермен танысуды бастап жатқанын алға тартып, көтерілген проблемалардың кезең-кезеңімен шешімін табуына жұмыстанатынын жеткізіп,  ардагерлердің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі ел дамуына бағыт беретінін айтып, ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT