Ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

(0 Votes)


Мемлекеттік рәміздер күніне орай қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, ҚР Гимні авторларының бірі, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Алдымен шараға жиналғандар кеуде тұсына қолдарын қойып, Әнұранымызды әуелете шырқады. Гүлдестелерін қою аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев, Еңбекші ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшелері бастады. 
Одан әрі Еңбекші ауылдық округі әкімі аппараты, ауылдық клуб, Еңбекші орта мектебі, «Ақтолқын» бөбекжай балабақшасы, Жұмекен дәрігерлік амбулатория, аудандық кітапхана ұжымы, Балғаным Хасенова бастаған аудандық және округтік аналар кеңесі мүшелері, Жұмекен ақын оқыған Нұржау жалпы орта мектебінің ұжымы жалғастырды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Есенгелдіұлы ақын мұрасының ұлттық руханияттағы маңызын атап өтіп, мемлекеттік рәміздерге құрмет – елін, жерін сүйетін әр азаматқа борыш екенін айтты. Аудандық кітапхананың кітапханашысы Меңдісұлу Мұханбетова ақын шығармасынан «Қошалақ», Нұржау жалпы орта мектебінің мұғалімі Раббина Бату Жұмекенге арнаған «Сырласу» өлеңін шабыттана оқыды. Еңбекші ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Наурызбек Есимов рәміздерді ұлықтау ісі толастамайтынын жеткізсе,  аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова еліміздің мақтанышы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік өкілі Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл қою рәсімін аудандық аналар кеңесі 2018 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келе жатқанын жеткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT