Адал азамат тәрбиелеу – ортақ міндет

(0 Votes)

Мақаш ауылдық округіндегі «Шабыт» мәдениет үйінде аудандық Ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Адал азамат тәрбиелеу: Заң және тәртіп» тақырыбында семинар өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар мен жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, адалдық, жауапкершілік және заңға бағыну құндылықтарын насихаттау, жастардың азаматтық белсенділігін қалыптастыру және қоғамдағы заң мен тәртіптің маңызын түсіндіру.

Семинарды аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірболат Есенғазиев ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидатының мәні мен маңызына тоқталды. Сонымен қатар аудандық Ақсақалдар кеңесінің құрылуы мен оның негізгі міндеттері туралы айтып, қоғамдағы ақсақалдардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі орны мен жауапкершілігін ерекше атап өтті. Алғашқы бөлімде аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Мұфтахов «Адалдық, әділдік, жауапкершілік туралы түсінік» тақырыбында баяндама жасап, адалдықтың адам өміріндегі және қоғам дамуындағы маңызына тоқталды. Аудандық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Темиров «Адал азаматтың негізгі қасиеттері» тақырыбында сөз сөйлеп, жас ұрпақтың бойында адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруды тілге тиек етті.

Келесі кезекте мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Зинетолла Мұхлесов «Ар-ұждан және әділдік» тақырыбында ой қозғап, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде Құрманғазы ауданы Полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерболат Жусупкалиев «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен айтып өтті.

Залда отырған жастармен кері байланыс орнатылып, оларға ұяшықтарды таңдау арқылы тақырыпқа орай сұрақтар берілді. Өз кезегінде жастар құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және туған ел мен жердің дамуына үлес қосу бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.

Семинарды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков қорытындылап, кеңестің бірлік пен ынтымақты нығайтудағы, жас ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы оң жұмыстарына тоқталып өтті. Сондай-ақ жастар тәрбиесінде отбасы, білім беру ұйымдары және қоғаммен қатар ақсақалдардың да орны ерекше екенін атап өтіп, адалдық, заңға құрмет және жауапкершілік қағидаттары әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажеттігін жеткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT