«Жылжымалы кітапхана» жас оқырманға жол тартты

(0 Votes)

Бүгінде технологияның дамыған заманында жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды. Осы мақсатта Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Жылжымалы кітапхана» жобасы аясында мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы зор іс-шара өтті.

Кеш барысында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқылып, кейіпкерлердің образдары кеңінен таныстырылды. Әсіресе, Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығындағы Ментайдың анасына арналған монологын жас оқырман Данара Дәуренқызы әсерлі әрі шынайы орындап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Ана жүрегінің мейірімі мен балаға деген махаббаты терең жеткізіліп, залда отырған көпшіліктің көңілін толқытты.

Іс-шарада Әл-Фараби атындағы BINOM-SCHOOL мектеп-лицейінің VIII сынып оқушысы Нұрайым Қонысбай Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы туралы өз пікірімен бөлісті.

–Мен бұл кітапты бұрын оқымаған едім. Бірақ кеш барысында шығарманың мазмұны түсіндіріліп, кейіпкерлердің жан дүниесі ашылғаннан кейін кітапқа деген қызығушылығым артты. Енді бұл шығарманы толық оқып шығамын. Осындай кітап оқуға ынталандыратын іс-шаралар жиі өткізілсе екен, — деді Н.Қонысбай.

Жиын барысында ұйымдастырушылар тарапынан кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған креативті ойындар ұйымдастырылды.

Ақбота ЖАЛҒАУОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT