«Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. «Таза Қазақстан» – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз», – деген еді Президент Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының бастамасымен төртінші жыл қатарынан қолға алынған акция аясында Индер ауданында елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ауданның барлық ауылдық округтері мен Индербор кентінде іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, жұмыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Индербор кентінде санитариялық тазалықты сақтау бағытында кешенді жұмыстар атқарылды. Кент әкімі аппаратының мамандары және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлері 90-ға жуық тұрғын үйді аралап, тұрғындарға санитариялық тазалықты сақтау, тұрмыстық қатты қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, жеке аулаларды таза ұстау, қоғамдық орындардың тазалығын және абаттандыру қағидаларын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кент аумағындағы барлық бюджеттік мекемелерге, кәсіпорындар мен ұйымдарға бекітілген аумақтарды тұрақты түрде тазалау тапсырылып, аталған жұмыстар тұрақты бақылауда жүргізілуде. «Таза аула», «Таза жағалау», «Таза өлке», «Таза бұлақ» және «Рахмет, Жер-Ана!» атауымен экологиялық акциялар ұйымдастырылып, сенбіліктер өткізілді. Сенбіліктерге 1500 адам қатысып, 150 тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, аудандық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылған. Сонымен қатар кент көшелеріндегі 10 баннер жаңартылып, санитариялық тазалықты насихаттау жұмыстары жалғасуда. Индербор кентінде санитариялық тазалықты сақтау және тұрмыстық қатты қалдықтарды күнделікті шығару жұмыстары мердігер мекеме «АгроСтройИндер» ЖШС тарапынан жүзеге асуда.
Кәсіпорынның теңгерімінде 19 арнайы техника бар. Техникалардың көмегімен кент аумағынан жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар уақытылы шығарылып, полигонға тасымалданады. Бұл жұмыстар кенттің санитариялық жағдайын тұрақты деңгейде сақтауға және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Сұңқар Көшеков


