Қостанай қаласында өткен жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионатында жасөспірімдер арасындағы жарыста жеңімпаз атанған Дария Мейрамды командаластары, туған-туыстары мен жанкүйерлері теміржол вокзалынан салтанатты түрде күтіп алды. Қолдарына гүл шоқтарын ұстап, ыстық ықыласын ала келген көпшілік жас спортшыға деген ыстық ықыластарын білдірді.

Республиканың 17 облысынан қатысқан 400-ден астам қатысушы арасындағы бәсекелер тартысты болды. Дүбірлі додада облыс құрамасы лайықты өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте VI орынды иеленді.

Жарыстың жарқын жұлдызына айналған Дария Мейрам арқамен жүзу бойынша 200 метр, 100 метр және 50 метр қашықтықтарында топ жарып, үш бірдей алтын жүлдені қанжығасына байлады. Жас спортшының сенімді қимылы, жарыс барысындағы сабырлылығы мен табандылығы көпшілікті тәнті етті. Әрбір қашықтықта қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан Дария өзінің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте паш етті.
Сондай-ақ 800 метрге еркін стильде жүзуден Ясмин Мамай жеңіс тұғырынан көрініп, команда қоржынына тағы бір жүлде салды. Ал Айкелбет Айдын бірінші спорттық дәреже нормативін орындап, болашағынан үлкен үміт күттіретінін көрсетті.
Алмас ҚАБДОЛ



