Жанбайдың ажары арта түсті

(0 Votes)

«Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл сөз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының негізгі мәнін айқындай түседі. Өйткені қоршаған ортаны қорғау мен елді мекеннің тазалығын сақтау тек арнайы мекемелердің міндеті емес. Ол – туған жеріне деген жауапкершіліктен басталатын ортақ іс. Осы бағыттағы жұмыстар ауданда, оның ішінде Жанбай ауылдық округінде де тұрақты жүргізіліп келеді.

Жанбай ауылында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарының ауқымы аз емес. Ауыл ішіндегі көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазарту, шашылған қоқыстарды жинау, жиналған үйінділерді шығару арқылы елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға басымдық берілген. Ауқымды жұмыстар барысында 16 көше қамтылды.  Тазалықты бір адамның қолымен атқару мүмкін емес. Бұл іске техника да, жұмыс күші де жұмылдырылған. Тазалық жұмыстарына бір  жер тегістегіш, бір тиегіш техника және бір өздігінен түсіргіш жүк көлігі жұмылдырылды. Сонымен бірге ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған 12 адам және «Таза Исатай» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының 3 қызметкері тазалық жұмыстарына қатысты. Арнайы техниканың күшімен көшелер мен ауыл аумағында жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылып, қоқыс үйінділері ретке келтірілді. Нәтижесінде ауыл аумағынан шамамен 600-700 тонна қоқыс шығарылған. Бұл – атқарылған жұмыстың көлемін аңғартатын ауқымды көрсеткіш.

Тазалық жұмысының ауыр салмағын техниканы тізгіндеген азаматтар да арқалап жүр. «Таза Исатай» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының трактор жүргізушілері Құмарбек Рахметұлы мен Ерқанат Тахауиұлы бірнеше күн бойы арнайы техниканың тізгінінде отырып, қоқыс үйінділерін жинақтау, тиеу және аумақты ретке келтіру жұмыстарына атсалысты. Еңбектің нәтижесі ең алдымен ауылдың көрінісінен байқалады. Бұрын шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтар шығарылып, тазартылған аумақтар ретке келтірілді. Алайда тазалықты бір рет жүргізілген науқанмен шектеу мүмкін емес. Оның тұрақты сақталуы үшін күнделікті бақылау мен жүйелі жұмыс қажет.

Қазір Жанбай ауылындағы тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, қоқыс төгетін алаң мен канал маңына заңсыз төгілген тұрмыстық қалдықтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жиналған қоқыс арнайы техникамен шығарылып, аталған аумақтардың санитарлық жағдайын жақсартуға көңіл бөлінуде. Сонымен қатар ауылдағы 16 көшенің тазалығы күнделікті бақылауда. Көшелерден жиналған қоқыстар уақытылы шығарылып, ауыл аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда. «Таза Қазақстан» бастамасының түпкі мақсаты да осында – тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті өмір салтына айналдыру. Ауылдың ажары абаттандырумен ғана емес, әр тұрғынның өз ортасына деген жауапкершілігімен қалыптасады. 

Жұлдыз АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT