Tour de Saraishyq – 2026: Атыраудан Сарайшыққа дейін

(0 Votes)

Атырауда велоспорт әуесқойларын біріктірген Tour de Saraishyq – 2026 велошеруі екінші рет бастау алды.

Оған еліміздің әр өңірінен және шетелден келген 150-ден астам қатысушы қосылды.

Велошабандоздар Сұлтан Бейбарыс алаңынан көне Сарайшық қалашығына дейінгі 100 шақырымдық жолды еңсермек. Велошерудің басталу рәсімінде облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірдің тарихы мен табиғатын танытатын бағыттың ерекшелігіне тоқталды.

 – Tour de Saraishyq велошеруінің екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғанына қуаныштымыз. Тарихы терең, шежіресі мол өңірімізде өтіп жатқан бүгінгі бағыттың жөні бөлек. Сіздер Еуропадан Азияға өтетін көпірлер арқылы жүріп, өңіріміздің көрікті жерлерін тамашалап, тарихи мұрасымен танысасыздар. Баршаңызға сәттілік пен жақсы көңіл-күй тілеймін. Ең бастысы, бүгін жолға шыққан әр адам – жеңімпаз. Себебі ол өзіне мақсат қойып, осы жолды бағындыруға бел буды, – деді облыс әкімі.

Велошеру бағыты спортпен қатар саяхат пен тарихи танымды ұштастыруды көздейді. Қатысушылар қала көшелерімен жүріп өтіп, көрікті нысандарды тамашалайды. Одан кейін Жайық өзені арқылы өтетін, Еуропа мен Азияны жалғайтын көпірлерден асып, Сарайшыққа қарай бағыт алады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, Tour de Saraishyq уақыт өте келе өңірдегі спорттық шаралардың біріне айналып қана қоймай, туристік бағыт ретінде де қалыптасып келеді.

– Бұл велошерудің басты ерекшелігі – спорт пен туризмді қатар алып жүруінде. Қатысушылар 100 шақырымдық жолды еңсеріп қана қоймай, Атырау өңірінің тарихы мен мәдениетімен танысады. Алдағы уақытта жобаға Қазақстанның өзге өңірлерінен ғана емес, шетелдерден де қатысушылардың қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Айта кетейік, велошеру көне Сарайшық қалашығының аумағында мәресіне жетеді. Осылайша, қатысушылар заманауи Атыраудан басталған сапарын ғасырлар қойнауындағы Сарайшықта аяқтап, спорттық жолды тарихи саяхатпен сабақтастырады.

 Іңкәр Жұмақұл

 

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT