Texol Group Моңғолияға 100 жүк вагонын жеткізеді

(0 Votes)

Атыраудағы Texol Group кәсіпорны жылына 6–8 мың вагон өндіруді жоспарлап отыр. Қазір өндіріс орнының өнім түрлерін кеңейту және теміржол саласына қажетті бөлшектерді отандық өндірісте шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Бұл туралы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава БАҚ өкілдеріне арналған пресс-турда айтты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Биыл кәсіпорын Моңғолияға 100 жүк вагонын жеткізу туралы келісім жасады. Құжатта қосымша 50 вагон жеткізу мүмкіндігі де қарастырылған.

Қазір зауытта жүк және жабық вагондар, хоппер-вагондар, сондай-ақ мұнай өнімдері мен сұйытылған газ тасымалдауға арналған цистерналар шығарылады. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту жоспарланып отыр. – Мұнай, бензин және басқа да мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған цистерналармен қатар азық-түлік пен күкірт қышқылын тасымалдайтын үлгілерді де өндіру көзделген. Сонымен бірге қабырғасының қалыңдығы 40 миллиметрге дейін жететін, жоғары қысымға төзімді сұйытылған газ цистерналарын жасауға мүмкіндік бар, – деді Шота Абхазава.

Биыл вагон жасауға қажетті құйма бөлшектерді елімізде өндіру мақсатында «Texol Steel» серіктестігінің құю зауытының құрылысы басталды. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу орталығының негізінде теміржол кластері қалыптасып келеді. Кластер құрамына цистерналарды жөндеу және сынау пункттері, вагон дөңгелектерін жөндеу шеберханасы, бояу цехы, вагон жуу пункті және газ цистерналарын жөндейтін кәсіпорындар кіреді. Қазір мұнда 1400 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта қызметкерлер санын 3500-ден асыру жоспарланып отыр. Келесі жылы кәсіпорын күкірт қышқылы мен өсімдік майын тасымалдауға арналған цистерналар өндірісін іске қосуды жоспарлайды.

 Бұдан бөлек, «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешенінде вагон жөндеу зауытын іске қосу көзделген.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT