Атырау облысында жастарға табиғи аумақтарда орын алатын өрттің алдын алу жолдары түсіндіріліп, дала өртін сөндіру жұмыстары іс жүзінде көрсетілді.
Дамбы ауылы маңында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында табиғи аймақтар мен қорық аумақтарындағы өрттің алдын алуға бағытталған экологиялық шара өтті.
Шараға жастар ұйымдарының өкілдері, эко-еріктілер мен студенттер қатысты. Алдымен мамандар өрттің шығу себептері, адам факторының әсері және далада оттың қаншалықты жылдам таралатыны туралы айтып берді. Кішкентай ғана салғырттықтың өзі үлкен апатқа ұласып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне орасан зиян келтіруі мүмкін екені атап өтілді.
Теориялық бөлімнен кейін қатысушыларға арнайы техника мен құрал-жабдықтар таныстырылды. Жастар өрт сөндірушілердің арнайы киімдерін көріп, табиғи аумақтардағы өртті сөндіруге арналған техникамен жақын танысты.
Іс-шараның ең әсерлі бөлігі – практикалық кезең болды. Арнайы белгіленген қауіпсіз аумақта резерват қызметкерлері бақылаудағы өрт ұйымдастырып, дала өртін сөндіру процесін кезең-кезеңімен көрсетті. Алдымен трактор өрт аумағын қоршап, оттың таралуына жол бермейтін қорғаныс жолағын жасады. Кейін өрт сөндіру көлігі келіп, мамандар жалынды сөндіруге кірісті.
Бұл көрініс қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Себебі өрт қаупі туралы есту бір басқа, ал оттың қаншалықты тез таралатынын және оны тоқтату үшін қаншама күш пен уақыт қажет екенін өз көзіңмен көру мүлде бөлек әсер береді.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаровтың айтуынша, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдың қазан айында 2024–2030 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Бұл құжат қоғамда экологиялық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды. Биыл экология саласындағы түсіндіру және ағарту жұмыстарына 18 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі шара – сол бастамалардың бірі, — деді ол.
Басқарма басшысының сөзінше, облыстағы өзекті экологиялық мәселелердің бірі – қамыс өрттері.
— Мұндай өрттер жыл сайын қайталанады және көп жағдайда оған адам факторы себеп болады. Сондықтан біз алдын алу шараларына, халық арасында түсіндіру жұмыстарына және жастарды тартуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, — деді Ерболат Омаров.
Айта кетейік, экологиялық шараны Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Жаныңдамын» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Алёна СОЛОДОВНИКОВА
Фото: Ануар ӘБІЛҒАЗИЕВ

