Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің тапсырысы негізінде «Basta up» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауданда «Таза аудан – таза болашақ» атты экологиялық кешенді жобасы жүзеге асқан болатын. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және тазалықты ортақ құндылыққа айналдыру мақсатын көздеген аталмыш жоба аясында аудан аумағында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Атап айтсақ, жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру үшін «Эко-Quiz», «Эко-квест», «EcoAI», «Эко-пікір», «Жасыл мекен» іс-шаралары мен «Үлгілі ауыл», «Таза аула» және «Таза көше» байқаулары өткізілді. Өткен аптада бір айға созылған кешенді жобаны қорытындылау мақсатында аудан белсенділердің қатысуымен салтанатты шара өтті. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев елді мекендердің тазалығын сақтап, оның көркеюіне үлес қосқан табиғат жанашырларына шын жүректен алғысын білдірді.
- Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жай ғана сенбіліктір тізбегі емес, ел санасын өзгертуге бағытталған ауқымды реформаға айналып отыр. Бұл бір реттік науқан емес, күнделікті орындайтын әдетіміз. Табиғатты қорғау бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек алдындағы аманатымыз. Аудан аумағында жалғасын тауып жатқан осындай игі жобалар алға қарай да жалғасын таба береді деп сенемін. Осы науқанға белсенді атсалысып, тазалықты сақтауға, табиғатты қорғауға қосқан зор үлестеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдерімін. Отбасыларыңыз аман, жұмыстарыңыз берекелі болсын, - деген аудан әкімі Қ.Есқабылұлы бірқатар азаматқа Алғыс хат табыстады.
Аталмыш жоба аясында ұйымдастырылған Үлгілі ауыл», «Таза аула» және «Таза көше» байқауларының жеңімпазын анықтау барысында ауылдық елді-мекендердің көгалдандырылуы, абаттандырылуы және санитарлық тазалығына ерекше мән берілді. Нәтижесінде байқаудың «Үлгілі ауыл» аталымына Таңдай ауылы лайық деп танылды. Алға ауылындағы Ақжайық көшесі «Таза көше» номинациясын иеленсе, «Таза аула» байқауында Жалғансай ауылының тұрғыны Аймағамбетов Серік Қанатұлының Отаров көшесі, 8/1 мекенжайында орналасқан ауласы үздік деп танылды.
Б.МӘЛІКҚЫЗЫ



