Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылындағы «Айшагүл» мейрамханасында Қарттар күніне орай тағылымы мол кездесу өтті.
Бақсай ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен басқосуға ауылдың ардақты ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлері қатысты.
Мерекелік кештің төрінен ауылға еңбегі сіңген Жаңылдық Оразалиева, Ақбөпе Мырзағалиева, Хамит Ахтаубаев, Күләш Насенова, Ақсұлу Тасанова, Сара Мүскенова және басқа да елге сыйлы тұрғындар орын алды. Олардың арасында талай жыл бала оқытып, шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздар да бар. Кезінде сол ұстаздардан білім алған шәкірттердің бірі бүгінде Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов еді. Міне, кеш барысында ұстаздар мен шәкірттің қайта қауышуы ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісіндей әсер қалдырды.
-Бүгін төрде отырған ағаларымыз бен апаларымыздың әрқайсысының ауыл тарихында өз орны бар. Біз осы кісілерден білім мен өнеге алып өстік. Қазақта «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқаймын бәріңді» деп бекер айтылмаған. Үлкендердің батасын алып, ақылын тыңдау, оларға құрмет көрсету кейінгі буынның парызы деп білемін, — деді ауыл әкімі Ермұрат Өтегенұлы.
Кездесу барысында бірқатар қонаққа ауыл әкімінің Алғыс хаты табысталды. 1001936895 Мерекелік басқосуға ауылдың ақ жаулықты аналары да арнайы шақырылды. Татьяна Каримова, Надежда Жұмашқызы бастаған зейнеткерлер кештің қадірлі қонағы болды. Мерекелік дастархан басына жиналған ауыл үлкендері өткен күндерді еске алып, бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігі жайында әңгімелесті. Әдемі естелік пен әзіл-қалжың қатар өріліп, кештің мазмұнын байыта түсті. Қарттар күнімен тұспа-тұс келген Мұғалімдер мерекесі де кештің мазмұнын арттырды. Дегенмен басқосудың негізгі арқауы ауылдың үлкендеріне құрмет көрсету, олардың өмір жолы мен еңбегін бағалау болды.
Мерекелік бағдарламада әсем ән шырқалып, күй тартылды. Ауылдың қазыналы қарттары мақал-мәтел сайысына қатысып, ұршық иіру секілді ұлттық дәстүрді дәріптейтін ойындарға да белсене араласты. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» дейді халқымыз. Шынында да, ауылдың үлкендері елдің өткенін білетін, бүгінін бағамдайтын, кейінгіге жөн сілтейтін рухани тірек іспетті.
Кеш соңында «Алтын алқалы» ана Надежда Жұмашқызы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
-Бүгін бізге ерекше көңіл бөліп, мерекелік басқосуға шақырғандарына қуанып отырмыз. Үлкен кісіге жылы сөздің өзі демеу ғой. Бір-бірімізбен жүздесіп, өткенді айтып, жастарға ақылымызды жеткізудің өзі сыйластықтың бір үлгісі. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Осындай қуанышты күндеріміз көп болғай, — деді Надежда Жұмашқызы.
Ақ дастархан басындағы ізгі тілектер мен қариялардың батасы кештің шырайын келтірді. Иә, үлкенге құрмет көрсету бір күндік шарамен шектелмейді. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын елдік дәстүр. Таңдайдағы бұл басқосу да үлкенді қадірлеудің, баталы сөзге тоқтаудың, кейінгіге өнеге көрсетудің мәнін аңғартты.
Нұрайби БАЙНҰР
Махамбет Қоғам


