Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, білім беруге арна ған біртуар тұлға Қадим Оңғарсыновтың 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Өңірде қазақ мектебін ашуға еселі еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, білікті басшыны еске алуға арналған тағылымды шаралар легі қаладағы №13 Д. Байбосынов атындағы ұлттық мектеп-гимназиясынан бастау алып, облыстық теориялық-танымдық конференцияға ұласты.
Қырық жылдан астам уақыт бойы мектеп директоры қызметін атқарған «ұстаздардың ұстазы» Қадим Оңғарсынов өзі басшылық еткен білім ошағына белгілі педагог Дүйсенғали Байбосыновтың есімін беруге, ұлттық гимназия атағын алуға өлшеусіз үлес қосқан еді.
Қадим Оңғарсынұлы – ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, сол жолға адалдықтың, табандылықтың, парасаттың биік үлгісін көрсеткен жан. Алпыс жылдан астам уақытын білім беру саласына арнап, оның ішінде қырық жылдан астамын басшылық қызметте өткізу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен еңбек, зор жауапкершілік. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов атап өткендей, ол басқарған білім ордалары тек білім беретін мекеме ғана емес, тәрбие мен тағылымның, ұлттық құндылықтардың алтын ұясына айналды. «Әсіресе, Дүйсенғали Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай еңбек сіңірді.
Бұл оқу орнының ұлттық бағыттағы гимназия деңгейіне көтерілуі – Қадим ағамыздың көреген басшылығы мен табанды еңбегінің нәтижесі.Қадим Оңғарсынұлы – тек білікті ұстаз, тәжірибелі басшы ғана емес, сонымен қатар адамгершілігі мол, кең пейілді, қарапайым да кішіпейіл азамат еді. Ол әріптестеріне қамқор, шәкірттеріне талапшыл, айналасына мейірім шуағын төге білген жан ретінде ел жадында сақталды. Оның тәрбиесін көрген мыңдаған шәкірт бүгінде еліміздің әр саласында абыроймен еңбек етіп жүр. Қоғамдық өмірден де шет қалмай, халық сеніміне ие болып, қалалық мәслихат депутаты ретінде ел мүддесіне қызмет етуі – оның азаматтық болмысының тағы бір айқын көрінісі. Осындай тұлғалардың өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін өнеге, тәлім-тәрбие мектебі. Біз үшін Қадим Оңғарсынұлының есімі – адал еңбек пен ұстаздыққа деген шынайы сүйіспеншіліктің символы»,-дейді Марат Әлменұлы.
«Ұлағатты ұстаз – білікті басшы» тақырыбынағы теориялық-танымдық конференцияда Қадим Оңғарсынұлымен үзеңгілес болған әріптестері, тәлім-тәрбие мен білім алған шәкірттері сөз сөйлеп, ұстаздың ерекше қарым-қабілетіне кеңірек тоқталды. Әсіресе, өмір жолында ұстазын үлгі тұтқан шәкірттерінің шынайы лебізі жұртшылықты тәнті қылды.
–Ұстаз сөзі менің төменгі сыныптағы ұғымымда тек қана үйретуші, тәлім беруші, өмірге бағыт сілтеуші сияқты болатын. Ал Қадим ағайымыздың алдына келгенде ұстаз сөзінің әлдеқайда терең жатқанын, ұстаздың сенімен ойлас, сырлас, жолдас, рухтас болатынын, сені әрдайым болашаққа бағдарлайтынын ұққан едім. Ағамыз табиғат берген табиғи дарынын, ізгілікті ізденісін, ұстаздық жолымен ұштастыра білді. Ол біздің жүрегімізге өнер, білім, әдеп, тәрбиені құйды. Бәрімізді адалдыққа баулып, ғұмырда өмірлік азық боларлық білімнің нәрін септі. Ол шынайы пейілімен, өзіне тән қоңыр даусымен біздің жан дүниемізді баурай білді. Оның сыртқы болмысының өзі басқалардан оқшауланып тұратын. Ағайымыздың «барлық баста шаш болады, ал ми бола бермейді» деген қасиетті сөзі біздің жүрегімізде сақталып қалған еді. Ол бізге ешқашан сендер мынадай болыңдар деп айтпайтын. Мінезіміздегі кемшілікті атап айтпай, бізге әрдайым кісілік келбетімен үлгі болатын. Қаладағы №13 мектеп-гимназиясының тарихындағы маңызды кезеңі сол жылдары директоры Қадим Оңғарсыновтың есімімен тығыз байланысты. Тіпті ел арасында «Қадим ағайдың мектебі» деген пікір бар. Менің ақылшы болған асыл азаматпен таныстығым 65 жыл бұрын басталған еді,-деп есіне алды Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов.
Ал Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, университет ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахман Нағымов Қадим ағайдың ұстаздық үшін жаратылған жан екенін ерекше толқыныспен жеткізді. «Мен Қадим Оңғарсынұлымен 1973 жылдан бастап араластым. Ол бала үлгерімі мен ұжымның бірлігі үшін бар күш-жігерін аямаған жан еді»,-деді ол.
Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов біртуар тұлғаның адамгершілік қасиетін тереңірек баяндады. «Пейілі ақ азамат болатын. Жүрегі де, сөзі де ақ еді. Іскерлігі, бірсөзділігі бір бөлек. Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Сан алуан тақырыпта ашық пікірін айтып отыратын. Содан кейінқұдандалы болып отбасымызбен араласып ағайын болдық.
Шыны керек, 90 жасқа жеткен жандар жетерлік. Бірақ мұндай құрмет тек бірегейлерге көрсетіледі. Ендеше Қадекең де болмысы мен бітімі ерек жан болатын»,-деді Қатимолла Ризуанов.
Белгілі тұлғаның шәкірттерінің бірі, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Қабибек Мұхитовтың әсерлі баяндамасы ұстазының шынайы келбетін тағы бір мәрте еске салды. «Қаладағы Чехов, ет, сүт комбинаттары болған шағынауданды атыраулықтар жақсы біледі. Сол кезде №10 орта мектеп оқушыларының тәртібі ауыз толтырып айтарлықтай емес еді. Бірақ сол білім ошағына Қадим Оңғарсынұлы басшылық еткеннен кейін темірдей тәртіп орнады. Тіпті өз арамызда «мектебімізді Қадим ағай «ұстап тұр» деп әзілдеп айтатынбыз. Ол нағыз шындық еді. Бәрімізге жол сілтеп, әрдайым тілекші болып отыратын»,-дейді Қабибек Сәдірұлы.
Ал ардагер ұстаз Айман Оразғалиева ұазқ жылдар бойы Қадим Оңғарсынұлымен қызметтес болып, оның қол астында оқу ісінің меңгерушісі лауазымында еңбек еткен. Айман Темірғалиқызы өз баяндамасында Қ. Оңғарсынов басшылық еткен тұста мектеп «ұлттық гимназия» атанып, түрлі деңгейдегі білім додалары мен халықаралық конференци, жиындар өткенін атап айтты. Ардагер ұстаз Бағзила Қалимова Қадим ағайдың өңірде қазақ мектептерін көбейтуге қосқан үлесі жөнінде баяндады.
Конференцияда жұбайы Дәмеш Масатова да сөз сөйлеп, өмірлік қосағының бар өмірін балаларды оқытуға арнағанын жеткізді. Сондай-ақ жиын барысында Дәмеш Аккаденқызына облыстық ардагерлер кеңесі атынан «Әже даналығы» алтын медалі табыс етілді. Осылайша, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау қаласы Құрметті азаматының 90 жылдық мерейтойына арналған конференцияда ұстаз бойына біткен біткен барлық қасиеттері ашылып, жұртшылықтың таным көкжиегін кеңейтті.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

