Қазақстанда көктемнің жаңаруымен қатар келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өтетін Наурызнама онкүндігі аясында бүгін Шаңырақ күні аталып өтуде. Бұл күн отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қоғамдағы бірлікті арттыруға бағытталған.
Осыған орай аудандық Аналар кеңесі, Отбасын қолдау орталығы және С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі бірлесіп «Ана, жар, келін: үш рөл – бір тұлға!» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды. Мақсаты – әйел адамның ана, жар және келін ретіндегі рөлдерінің маңызын түсіндіру, отбасындағы үйлесімді қарым-қатынасты нығайту, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау, ана мен келіннің отбасындағы орнын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды құрметтеу.

Шараға «Ана», «Жар», «Келін» атты үш топқа бөлінген шаңырақтың ұйытқысы болған енелер мен ибалы келіндер, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы, кеңес мүшелері, Смағұл Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары, Отбасын қолдау орталығының мамандары және аудан тұрғындары қатысты. Алдымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әншілері Заря Қуанышқызы мен Раушан Сарсенованың орындауындағы «Әке-ана» әні орындалды. Алғашқы сөз алған Атырау облыстық мәслихатының депутаты, аудандық Аналар кеңесінің мүшесі, аудандық Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы, «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі Зәмзәгүл Оңдасынқызы қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, мерекемен құттықтады.

Семинар-тренинг бірнеше бөлімнен тұрды. «Үш рөл – бір тұлға» аталған I бөлімде қатысушылар ана, жар және келін рөлдерінің жауапкершілігі, қиындықтары мен бақытты сәттері туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. «Ұрпаққа өсиет» бөлімінде қатысушылар өмірдегі басты миссиялары туралы айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Смағұл Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Алтынбек Биғалиев «Отбасының қадірі» атты монологын оқыды. Отбасы дәстүрлері – ұрпақ сабақтастығы» деп аталған III бөлімде аналар қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты пазл құрастырып, сол суреттер негізінде «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Беташар» рәсімдерінен көріністер көрсетті. Сергіту сәтінде қонақтарға ата-бабаларымыз тұрмыста пайдаланған бұйымдар көрсетіліп, олардың атауларын атау тапсырылды. Атап айтқанда: ұршық, түйгіш, келі сияқты ұлттық тұрмыстық құралдар таныстырылды. Шара барысында Гүлзада Тілегенқызы мен ұлы Медет Уазихтың орындауында «Ана мен бала» әні шырқалды.

IV бөлімде суреттерге қарап мақал-мәтел құрастырудан сайыс ұйымдастырылды. Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы семинар-тренингті қорытындыласа, аудандық отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы Альберт Бисенғалиев белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етті.
Наурызнама онкүндігі аясындағы әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғыртуға бағытталған. Ал Шаңырақ күні – сол күндердің ішіндегі ең маңызды рухани мәнге ие мерекелердің бірі.

А.Шакупова

