Сайлау «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде өтеді

(0 Votes)

15-17 тамыз күндері Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова инс­пекциялық сапар аясында Алматы қаласына барып, мегаполистің Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығымен танысты.

Жұмыс сапары аясында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қаланың түрлі ауданында орналасқан бірнеше сайлау учаскесіне барып, сайлау инфрақұрылымының әзірлігі, материалдық-техникалық жа­рақ­тандырылуы, азаматтарды ақпараттандыру мен сайлау құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайлар тексерілді.

ОСК басшысы сайлау учаске­лерінде мүгедектігі бар азаматтар үшін жасалған жағдайлармен де танысты. Атап айтқанда, пандустар мен кедергісіз ортаға қажетті элементтер, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы көрсеткіштер, сондай-ақ кресло-арбамен жүріп-тұратын азаматтардың кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін көлемі ұлғайтылған жасырын дауыс беруге арналған кабиналар қаралды. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштардың жабдықталуын қарап, онда ақпа­рат­тық материалдардың қол­жетімді форматтарда ұсыныл­ғаны­на назар аударды. Атап айт­қан­да, саяси партиялар туралы ақпа­рат­тың аудионұсқалары мен сай­лау бюллетенін толтыру тәр­тібі жөніндегі нұсқаулықтар ұсыныл­ған. Зағип жандар үшін сайлау бюл­летеніне арнал­ған Брайль қар­піндегі трафа­рет­тер қарас­ты­рылған. Олар­дың көмегімен сай­лаушы бюллетень­нің мазмұ­ны­мен өз бетінше танысып, өз таңдауын жасауына мүмкіндік алады.

Комиссия өкілдері Алматы қала­сындағы Ілияс Есенберлин атын­дағы №25 гимназияда орналас­қан №91 сайлау учаскесі­нің жұ­мы­сына да назар аударды. Мұнда сай­лаушылар тізімінен өздерін тап­паған азаматтарға жедел кө­мек көрсетуге арналған шағын ХҚКО жұмысы ұйымдас­тырыл­ған. Маман­дар тіркеу орны туралы мәлі­меттерді нақтылау­ға көмектеседі. Қажет болған жағдайда учаскелік комиссия сайлаушыны бір күнге сол учаскенің мекенжайы бойынша тіркеп, оған бюллетень ұсынып, дауыс беруіне мүмкіндік жасай алады.

«Сайлаушылардың сайлау туралы хабардарлығын арттыру­дың маңызды элементі­нің бірі – оларға дербес шақыру­лар­ды табыстау. Онда сайлау­шы дауыс бере алатын сайлау учаскесінің мекенжайы мен байланыс деректері, сондай-ақ қосымша ақпарат көрсе­тіледі. Бүгінде Алматы қаласы бойынша шақыруларды табыстау жұмыстары іс жүзінде аяқталды. Бұл ретте біз дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударамыз. Сондықтан мұндай шақырулар сайлаушының өз қолына ғана табысталады. Оларды есікке, пошта жәшіктеріне, басқа да жерлерге қалдыруға жол беріл­мейді», деп атап өтті Н.Әбдіров.

Инспекциялық сапар барысында сайлау учаскелеріне мониторинг жүргізіп жүрген ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының халықаралық байқаушыларымен кездесу ұйымдастырылды.

Екі күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы Алматы қала­сын­­дағы учаскелік сайлау комис­сияларының 700-ге жуық өкілі үшін оқыту семинарларын өткізді. Қатысушылар өз білім­дерін жаңартып, тестілеуден өтті, сондай-ақ «Дауыс беру күні» интерактивті ойынына қатысты. Семинар барысында олар дауыс беруді ұйымдастыру мен өт­кізудің негізгі рәсімдерін, сон­дай-ақ учаскелік сайлау комис­сия­сы мүшелерінің түрлі жағ­дай­лардағы іс-қимыл алгоритмдерін тәжірибелік тұрғыда пысықтады.

Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Н.Әбдіров сайлау заңнамасы талаптарын қа­таң сақтаудың, сондай-ақ сайлау комиссиялары мен учаске­лерінің жұмысын талап­қа сай ұйымдастырудың маңызды­лығына тоқталды.

«Қазір еліміз тарихи уақиға­ның алдында тұр. Сайлау үдері­сінің барысы мен нәтижесі еліміздің барлық аумағындағы сайлау комиссияларының тиімді жұмысына байланысты. Естері­ңізге сала кетейін, жұмыс «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде – әділ, ашық әрі заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілуге тиіс. Осы мақсатта аталған сайлауды ұйымдастыратын барлық сайлау комиссиясының 71 мың мүшесі оқытудан өтуі қажет. Сондықтан қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық өңіріндегі сайлау учаскелерін аралап, осындай оқыту семинарларын ұйымдастырып жатыр», деп атап өтті ОСК төрағасы.

Кеше Н.Әбдіровтің төраға­лығы­­мен қала әкімдігі, құ­қық қорғау және төтенше жағ­дай­лардың алдын алу, әлеу­меттік қорғау және басқа да бағыт­тарға жауапты мемлекеттік орган­дардың басшылары мен өкілдері­нің қатысуымен кеңес өтті. Жиынға қатысушылар Алматы қаласының алдағы сайлауға дайындығының деңгейі туралы баяндады. ОСК төрағасы дауыс беру күні  жұ­мысты сапалы ұйымдастыру үшін ведомствоаралық үйлестіру мен өзара іс-қимылды күшейтудің маңыз­дылығын атап өтті. Жергі­лікті атқарушы органдарға сай­лау учаскелерінде жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды қам­тамасыз етуге үндеді. Ауа райы­ның ыстық болуына байланыс­ты сайлау учаскелерін, әсіресе шағын үй-жайларда орналасқан учаскелерді салқындату әрі желдету жүйелерімен жабдықтаудың маңыздылығы атап өтілді.

Орталық сайлау комиссия­сының өкілдері, сондай-ақ «Open Almaty» 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен таныс­ты. Байланыс орталығы сайлаушыларды ақпараттандыру мен кеңес беру үдерісіне белсенді түрде тартылған. Сайлау кезеңінде оның базасында азаматтарға жедел ақпарат беруге арналған желі ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта орталықта сайлау мәселелері бойынша 5 маман жұмыс істейді. Сайлау күні қарсаңында операторлар саны 20 адамға дейін көбейеді. Бүгінде орталыққа күн сайын орта есеппен 200-ге тарта өтініш келіп түседі. Азаматтар көбіне өз сайлау учаскесін анықтау, есептен шығару куәлігін алу, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар үшін дауыс беруді ұйымдастыру, сондай-ақ уақытша тіркеу болған немесе болмаған жағдайда дауыс беру мәселелері бойынша жүгінеді. Осылайша, әртүрлі байланыс арналары, оның ішінде 109 бірыңғай байланыс орталығы, ЖСН бойынша сайлау учаскесін іздеуге арналған онлайн-сервис пен Telegram-бот арқылы мегаполистің 133 мыңға жуық тұрғыны жүгінген.

Айта кетейік, Алматы қаласын­да 9 аумақтық сайлау комиссиясы және 670 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 597 сайлау комиссиясы азаматтардың тіркелген жері бойынша, тағы 73 комиссия азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылды.

Учаскелік сайлау комиссия­ларының құрамына 4 721 адам кіреді. Жүргізілген тексеруге сәйкес барлық 670 сайлау учаскесі белгіленген талаптарға сәйкес деп танылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT