Отандық өнімнің үлесі артты

(0 Votes)

«Қазақстан Петролиум Оперейтинг Б.В» (ҚПО) компаниясы өткен жылғы жұмыс қорытындыларын жұртшылыққа жария етті. Есепті мерзімде ҚПО 136,453 баррель мұнай өндірген.

Компания басшылығының баяндауынша, былтыр жергілікті мазмұнды дамыта отырып, оның үлес салмағын арттыруға басымдық берілген. Осылайша, жыл ішінде отандық кәсіпорындардың қызметтерін сатып алу көрсеткіші 88 пайызға жеткен.

Сөйтіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда, Қазақстан Республикасында өндірілген тауарларды сатып алу шығындарының көлемі 45 пайызға көбейген. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 702,4 млн. доллардан астам доллар жұмсалған. Сол сияқты, ұлттық кадрларды, жергілікті мамандарды, соның ішінде инженер-техник қызметкерлерді тұрақтандыру деңгейі – 98, ал басшы кадрларды тұрақтандыру көрсеткіші 86 пайызға тұрақтаған.

Бұдан бөлек, ҚПО жылдан санап өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту жобаларын қаржыландыру үрдісін жалғастырып келеді. Мәселен, 1998 жылдан бастап 2025 жылдың соңына дейін компания қаражатына 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салынған. Оның жалпы құны 901,98 АҚШ долларын құраған. Тек өткен жылдың өзінде облыста 18 әлеуметтік жоба қаржыландырылып, пайдалануға берілген. Компания арқылы жыл сайын бұл мақсатқа 20 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бағытталады.

Бір атап айтар жайт, компания бойынша «қара алтынмен» бірге өндірілген ілеспе газды утилизациялау көлемі 100 пайызға жуықтаған.

Батыс Қазақстан облысының ғана емес, ел экономикасының өсіп-өркендеуіне, жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы барысында қазақстандық мазмұнның ұлғаюына сүбелі үлесін қосып отырған компанияның болашақта да осы бағытын ұстанатынына сенім мол.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: Ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Референдум 2026

Референдум 2026