ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен UTEBAYEV UNIVERSITY базасында жаңа Диссертациялық кеңес құрылды. Бұл қадам өңірдегі ғылыми кадрлардың әлеуетін арттырып, отандық мұнай-газ индустриясының дамуына соны серпін бермек.
Енді біздің университетте «8D072 Өндірістік және өңдеу салалары» (8D07201 «Мұнай-газ инженериясы») бағыты бойынша докторлық диссертацияларды қорғауға болады. Бұл университет ұжымының көпжылдық қажырлы еңбегі мен ізденісінің нәтижесі.
-Диссертациялық кеңестің ашылуы - еліміздің мұнай-газ секторын жоғары білікті ғылыми кадрлармен қамтамасыз етудің жаңа деңгейі. Бұл жетістік Президентіміздің отандық ғылымды дамыту және өндіріс пен білімді ұштастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау жолындағы стратегиялық қадамымыз. Біздің мақсатымыз - теориялық білімді өндірістің нақты мәселелерін шешуге бағыттау»,-деп атап өтті UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова.
Диссертациялық кеңес аясында жас ғалымдарға қолдау көрсетіледі, инновациялық жобалар өндіріске жақындай түседі және Халықаралық стандарттарға сай зерттеулер саны артады. Университет қабырғасынан шыққан жаңа есімдер мен тың идеялар Қазақстанның мұнай-газ индустриясын жаңғыртуға, экологиялық қауіпсіздік пен өндіріс тиімділігін арттыруға зор үлес қосатынына сенім мол.
Ғылым жолындағы ізденушілерге сәттілік тілейміз!
Мұнайлы өлкеміздің ғылыми әлеуеті асқақтай берсін!

