Атырау облысында мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне жүргізілетін камералдық бақылау нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 1314 хабарлама жолданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 131 хабарламаға көп. Яғни өсім 11 пайыздан асқан.
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Зоя Сапарованың айтуынша, камералдық бақылаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік сатып алу барысында орын алуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алып, анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзетуге мүмкіндік беру.
Биылғы алты айда бақылау конкурс пен аукционнан бастап, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден сатып алу, қосымша келісімдер жасау, шарт міндеттемелерінің орындалуы және сатып алуды жоспарлау секілді бірқатар рәсімді қамтыған.
–Өңірлердегі көрсеткіштерге назар аударсақ, кейбір аудандарда оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, Индер ауданында жолданған хабарламалар саны бір жыл ішінде 62-ден 33-ке дейін қысқарған. Бұл – 47 пайыздық төмендеу. Құрманғазы ауданында да көрсеткіш 136-дан 100-ге дейін азайған.
Ал кейбір аумақтарда хабарламалар саны керісінше өскен. Исатай ауданында 45-тен 74-ке, Мақат ауданында 54-тен 84-ке артқан. Жылыой ауданында 79 хабарламаның орнына 103 хабарлама тіркелсе, Атырау қаласында бұл көрсеткіш 142-ден 190-ға дейін жеткен. Қала бойынша бұл – ең жоғары сандық өсім.
Жалпы жолданған хабарламалардың үштен бірінен астамы облыстық мекемелер мен ұйымдарға тиесілі. Оларға қатысты 454 хабарлама жолданған. Одан кейін Атырау қаласы мен Жылыой ауданы тұр. Осы үш бағыттың үлесіне барлық хабарламаның 56,85 пайызы тиеді,-дейді Зоя Ғұсманқызы.
Камералдық бақылау барысында анықталған мәселелерге қатысты аудит объектілерінің қарсылық білдіру мүмкіндігі де қарастырылған. Есепті кезеңде осындай 39 қарсылық қаралды. Оның біреуі қанағаттандырылса, 30-ы қанағаттандырусыз қалдырылған. Бес қарсылық бойынша шешім әлі қабылданбаған, үшеуі қараудан бас тартылған.
Мамандардың айтуынша, камералдық бақылаудың ерекшелігі – мәселені құқық бұзушылыққа ұластырмай тұрып анықтап, оны түзетуге мүмкіндік беруінде. Бұл тәсіл бір жағынан мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңға сәйкестігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ықпал етеді.
Сондықтан камералдық бақылаудың артуы тек хабарламалар санының өсуімен емес, мемлекеттік сатып алу саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жұмыстың нәтижесі ретінде бағаланады.
Өз тілшіміз


