Қоғам дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – мемлекеттік қызметтің сапасы мен беделі. Өйткені, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір саналатын мемлекеттік қызметшілердің еңбегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан да мемлекеттік қызмет – тек қызмет қана емес, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін абыройлы міндет.
Бүгінгі таңда ел ішінде өз ісіне адал, халықтың сенімін ақтап жүрген мемлекеттік қызметшілер аз емес. Солардың бірі – Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрболат Азатұлы Қайырмеденов.
Нұрболат Азатұлы 2017 жылдан бері аудан орталығындағы ірі округтердің бірінде қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол өз ісіне деген жауапкершілігімен, іскерлігімен және қарапайымдылығымен әріптестері мен ауыл тұрғындарының құрметіне ие болды. Мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары – адалдық, әділдік және халыққа қызмет ету екенін терең түсінетін маман өз жұмысын әрдайым жоғары деңгейде атқаруға ұмтылады.
Қазіргі таңда ауылдық округтердің дамуы – елдің дамуының негізі. Осы тұрғыда Нұрболат Азатұлы ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, елді мекендердің абаттандырылуы, электр желілері мен көше жарығын орнатылуы, жолдардың жөнделуі, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту сынды маңызды мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосып жүр. Бұл – мемлекеттік қызметшінің тек қағаз жүзіндегі емес, нақты іспен дәлелденген еңбегінің көрінісі.
Мемлекеттік қызметтің беделі – халықтың сенімінен құралады. Ал сенімге ие болу – әрбір қызметкердің күнделікті еңбегі мен адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Осы орайда, Нұрболат Азатұлы сияқты білікті де жауапты мамандардың еңбегі – жас буынға үлгі болары сөзсіз.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та жоғары. Кәсіби біліктілікпен қатар, ашықтық, халықпен тиімді байланыс орната білу, заманауи талаптарға сай жұмыс істеу – уақыт талабы. Осындай талап үдесінен шығып жүрген мамандар ғана мемлекеттік қызметтің беделін арттыра алады.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтату – әрбір қызметкердің өз қолында. Елге адал қызмет етіп, халықтың сенімін ақтау – ең басты міндет. Бұл жолда Қайырмеденов Нұрболат Азатұлы сынды азаматтардың еңбегі қашанда жоғары бағалануға лайық.
Құрманғазы округ әкімінің аппараты

