Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (бұдан әрі - Департамент) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 5-бабы 2-тармағы 10-1) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, оны жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша тексеру жүргізеді.
Сонымен қатар, Заңның 32-бабының 4-тармағына сәйкес, шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн. Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.
Бұл ретте, Департаментпен мемлекеттік қызметшілердің негізсіз үстеме жұмыстарының алдын-алу бағытында «eQyzmet» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі және қызметшілердің келу және шығу уақытын есепке алатын қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі (ҚББЖ) арқылы мемлекеттік органдардың ұсынған жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу барысында Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің құқықтары бұзылғандығы анықталды.
Өз кезегінде, Департаментпен жұмыс уақытының режимін сақталуына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ден қою шараларының нәтижесінде, 86 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалып, тынығу сағаттары берілді. Аталған бағыттағы жұмыстар Департамент тарапынан өз жалғасын табатын болады.


