Ұлағатты ұстазды ұлықтаған кеш

(0 Votes)

Атырауда «Құрмет» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Қадим Оңғарсынұлының 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар басталды.

Бүгін Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназияда «Ұлағатты ұстаз – білікті басшы» тақырыбында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымды басқосуға ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері, жас педагогтер мен қала мектептерінің оқушылары қатысты. Алқалы басқосу қонақтарды қарсы алудан бастау алып, мектеп қабырғасында ерекше рухани атмосфера қалыптасты.

Салтанатты жиын барысында Қадим Оңғарсынұлының саналы ғұмыры, ұстаздық жолдағы қажырлы еңбегі мен ел болашағына қосқан зор үлесі кеңінен насихатталды. Қонақтар ұстаздың өнегелі өмір жолын еске алып, оның шәкірт тәрбиелеудегі орны ерекше екенін атап өтті.

Мерейтой аясында бірқатар мазмұнды байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қала мектептерінің химия пәні мұғалімдері арасында «Шәкірттері бас иген, ұлағатты ұстазым» атты байқау өтсе, жас басшылар арасында «Жас директор – жаңа серпін» сайысы білім беру жүйесіндегі тың идеялар мен жаңашылдықтарды айқындады.

Ұстаздар арасында тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылып, ұлттық ойын арқылы педагогтердің зияткерлік қабілеті мен шеберлігі сынға түсті. Күні бойы жалғасқан волейбол жарысы да қатысушыларға ерекше серпін сыйлады. Кеш соңында үздік деп танылған қатысушылар марапатталып, ұстаз еңбегінің қадір-қасиеті тағы бір мәрте ұлықталды.

Бұл тағылымды жиын – ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған тұлғаның еңбегін бағалап, оның өнегелі жолын кейінгі буынға үлгі етуге бағытталған маңызды басқосу болды.

Айбөпе САБЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT