Қылқалам шеберінің мерейтойлық көрмесі

(0 Votes)

Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қызылқоға ауданының тумасы, танымал суретші Аңсаған Мұстафаның 200-ші мерейтойлық көрмесі өтіп жатыр.

Экспозицияда суретшінің қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау еткен графикалық туындылары қойылған. Адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас, жалғыздық, ата-ана мен бала байланысының әлсіреуі, технологияға тәуелділік, несие және тұрмыстық қиындықтар сияқты тақырыптар сурет тілімен бейнеленген. Суретшінің еңбектері әлеуметтік желілер арқылы кең тарап, әлемнің 30-дан астам елінде таныстырылған. 2014 жылы елордада бастау алған «Сөйле, сурет» көрмесі еліміздің барлық өңірін қамтып, кейін шетелде жалғасын тапқан. 

Автордың айтуынша, осы аптада оның бірқатар туындылары Мексика, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістан елдерінде өтіп жатқан көрмелерге қатысуда. Қалған 69 жұмысы Астанадағы Ұлттық музейдің 6-қабатында көрермен назарына ұсынылған. Суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафа @ansa.kz бренді арқылы ұлттық нақыштағы киім үлгілерін де нарыққа шығарып жүр.

Көрмені 19 мамырға дейін тамашалауға болады. Аңсаған Құрманғазықызы – «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының белсенді мүшесі әрі қор жанашыры. «Түркі тілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы көрме жайлы пікір білдіріп, «Сурет өнері халықтың жүрегіне жол табатын тіл» екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар қоғамды ойлануға жетелеп, әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамауға үндейді.

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT