Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық еткен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штабтың) алғашқы отырысы өтті.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Инновациялық штаб Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша құрылды. Оның негізгі міндеті – инновациялық қызмет саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және технологиялық басымдықтарды айқындау. Отырыста Қазақстан Республикасындағы инновацияларды дамытудың тұжырымдамалық мәселелері қаралды. Құжатта мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша шаралар көзделген.
Нәтижесінде инновациялық белсенділікті арттыруға, Қазақстанның Жаһандық инновациялар индексіндегі позициясын нығайтуға, жаңа салаларды дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін басқарылатын инновациялық жүйе қалыптастырылмақ.
Жаңа модельдің негізгі идеологиялық бағыты – «Ғылым арқылы инновация» қағидатынан «Инновация арқылы ғылым» қағидатына көшу. Оның мәні – озық дайын технологияларды игеру және бейімдеу арқылы отандық ғылымды дамыту. Яғни мемлекет үдерісті емес, нақты нәтижені қаржыландырады. Штаб отырысының қорытындысы бойынша Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданып, мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және бизнес өкілдеріне тұжырымдама жобасын кейіннен бекіту үшін нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар, бизнестің технологиялық сұраныстарын айқындау мақсатында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өңірлерде ғылыми-технологиялық сессиялар өткізудің кестесін бекіту тапсырылды.


