2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Соның ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 112 жаңа форматтағы мектеп пайдалануға берілді.
Аталған мектептер жалпы 206 мың оқушы орнына арналған. Жаңа білім беру ұйымдарының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл ауыл мектептеріндегі орын тапшылығын азайтып, оқушыларға заманауи жағдайда білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Жоба аясында салынған мектептер заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Мұнда жаңа пән кабинеттері, цифрлық құралдар мен заманауи оқу инфрақұрылымы қарастырылған.
Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 254 мың оқушыға арналған 105 мектеп пайдалануға берілген болатын. Ал 2025 жылы жүзеге асқан жаңа жобалар білім беру жүйесін дамытуға және мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға қосымша серпін берді.

