«Әйел өмірі үшін»: Скринингтен уақытылы өту – ауруды ерте анықтаудың кепілі

(0 Votes)

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде кездесу өтті.

Оған университет ұжымы мен студенттер қатысып, сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте анықтау және әйелдердің денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелерін талқылады. Жиында қатысушылар скринингтен уақытылы өтудің маңызы туралы ақпарат алып, мамандарға сұрақтарын қойды.

Кездесуге Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айгүл Әмірғалиева, облыстық онкологиялық диспансердің директоры, Әйелдер қанатының мүшесі Эльмира Сапарова және Әйелдер қанатының мүшесі Надежда Чегрина қатысты. Айгүл Әмірғалиева әйелдер денсаулығын қорғау үшін алдын алу шаралары туралы ақпаратты кеңінен таратып, скринингке тұрақты көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.

-Әйел денсаулығы – отбасының амандығы мен қоғамның саулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Кейде күнделікті тірлікпен жүріп, өз денсаулығымызды кейінге ысырып қоямыз. Ал уақытылы тексерілу ауруды ерте анықтап, маманнан қажетті кеңес алуға мүмкіндік береді. Сондықтан әр әйел денсаулығына бейжай қарамай, скринингтен өтуге уақыт тапқаны жөн, – деді Айгүл Әмірғалиева.

Облыстың бас онколог дәрігері Эльмира Сапарова сүт безі обырының алдын алуда тұрақты тексерілу мен ауруды ерте анықтаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қазір Атырау облысында сүт безі обыры диагнозымен 800-ден астам әйел есепте тұр.

-Бұл көрсеткіш ауруды ерте анықтап, алдын алу шараларына уақытылы көңіл бөлудің маңызын көрсетеді. Скринингтен өту – дертті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін маңызды жол. Әр әйел өз жасына және денсаулық жағдайына сай тексеруден өтіп, күмән тудырған белгі байқалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмағаны жөн, – деді Эльмира Сапарова.

«Әйел өмірі үшін» ақпараттандыру айлығын «Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен Онколог-маммологтар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Айлық аясында әйелдерге аурудың алдын алу, скринингтен өту және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау жолдары түсіндіріледі.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT