Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында жаңа саябақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында аумақты көгалдандыру мақсатында 1000 түп шаған ағашы отырғызылуда.
Еркінқала ауылдық округінің әкімі Мәлік Кариевтің айтуынша, бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр.
— Шаған ағашы Атырау өңірінің климатына төзімді, әрі көркем сәндік ағаштардың бірі. Сол себепті саябақты көгалдандыруда осы ағаш түріне басымдық бердік, — деді округ әкімі.
Қазіргі таңда саябақ аумағында ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта мұнда тұрғындардың демалуына арналған арнайы орындар мен балалар ойын алаңдары салынбақ.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Еркінқала ауылында заманауи әрі жайлы демалыс орны пайда болып, «Ясень» саябағы бой көтереді.
Нұргүл Насыр

