Қазіргі цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер қоғамдық пікір қалыптастырудың ең ықпалды алаңына айналды. Интернет қолданушылары белгілі бір адамның, компанияның немесе брендтің әрекетіне жаппай реакция білдіріп, оны қолдауы немесе керісінше сынға алуы мүмкін. Осындай құбылыстардың бірі - «cancel culture» немесе «мәдени түрде “жою” феномені». Бұл ұғым қоғам тарапынан қабылданбайтын әрекет жасаған тұлғаны немесе брендті көпшілік алдында айыптау, бойкот жариялау және беделіне нұқсан келтіру процесін білдіреді.
Алғашында cancel culture әлеуметтік әділеттілікті қорғау құралы ретінде қарастырылды. Қоғам нәсілшілдік, дискриминация, зорлық-зомбылық немесе этикаға қайшы әрекеттерге қарсы үн қатып, танымал адамдар мен компанияларды жауапкершілікке тартуға тырысты. Алайда уақыт өте келе бұл құбылыс әлеуметтік желілердегі қысым мен манипуляция элементтерімен байланыса бастады. Қазір кей жағдайда адамдар немесе брендтер нақты дәлелсіз-ақ қоғамның жаппай сынына ұшырайды. Мысалы, белгілі бір дәмханада даяшының келген қонаққа қызмет көрсетуі ұнамаса, ол сол сәтте-ақ «2ГИС» немесе басқа да әлеуметтік желілерге негативті пікір жазып жіберуі мүмкін. Былайша айтқанда, бір адамның қателігі үшін, сол дәмхана туралы адамдардың ойы өзгеріп немесе бірден негативті пікір қалыптасатыны белгілі. Брендтер үшін cancel culture үлкен репутациялық қауіп тудырады. Әлеуметтік желідегі бір ғана сәтсіз жарнама, орынсыз пікір компания беделіне айтарлықтай әсер етеді. Қазіргі аудитория брендтердің тек өнім сапасына емес, олардың құндылықтарына, қоғамдағы позициясына және этикалық ұстанымдарына да назар аударады. Сондықтан кез келген қателік бірнеше сағаттың ішінде бүкіл интернетке таралып кетеді. Мысалы, кейбір халықаралық компаниялар жарнамадағы мәдени немесе әлеуметтік мәселелерді дұрыс ескермегені үшін үлкен сынға ұшырады. Нәтижесінде олар жарнамаларын алып тастап, ресми түрде кешірім сұрауға мәжбүр болды. Мұндай жағдайларда PR мамандарының жұмысы ерекше маңызды. Олар аудиториямен дұрыс коммуникация орнатып, компанияның беделін сақтауға тырысады.
Дегенмен cancel culture әрдайым тек қауіп емес. Кей жағдайларда бұл брендтерге өз қателіктерін түзетуге, аудиториямен ашық диалог орнатуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетуге мүмкіндік береді. Егер компания сыннан қашпай, мәселені мойындап, нақты әрекет жасаса, аудитория сенімін қайтара алады. Қазіргі тұтынушылар үшін шынайылық пен ашықтық маңызды болғандықтан, кей брендтер дағдарысты дұрыс PR стратегиясының көмегімен өз пайдасына қолданады.
Іңкәр ӘДІЛХАН,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Журналистика мамандығының 3 курс студенті
Фото: "Chatgpt" қосымшасы арқылы жасалды

