Болашақ ұрпаққа таза Атырауды аманаттауымыз керек!

(0 Votes)

«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін маңызды қоғамдық бастама. Құрылыс саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман ретінде тазалық пен тәртіп кез келген істің сапасы мен нәтижесіне тікелей әсер ететінін жақсы білемін. Қай нысан болмасын, ең алдымен жұмыс мәдениеті мен тазалықтан басталады.

Атырау облысында бұл акцияның кеңінен қолдау табуы – тұрғындардың туған өлкеге деген жанашырлығының айқын белгісі. Қаланы көркейту, көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындарды таза ұстау – тек коммуналдық қызметтердің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осындай ортақ жауапкершілік қалыптасқанда ғана өңіріміздің сәулеті де, тұрғындардың өмір сүру сапасы да арта түседі.

Әсіресе жастардың, еңбек ұжымдарының және еріктілердің экологиялық акцияларға белсенді қатысуы қуантады. Бұл – келешек ұрпақтың бойында еңбекке құрметті, табиғатқа жанашырлықты және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды қадам.

Тазалық мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі керек. Таза аула, таза көше, таза өндіріс орны – өркениетті қоғамның айнасы. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Сонда ғана біз болашақ ұрпаққа таза әрі көрікті Атырауды аманат ете аламыз.

Серік Бәкенұлы,
Атырау қаласының тұрғыны, прораб, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT