Блогерлер және инфлюенсерлермен жұмыс қазіргі цифрлық дәуірде PR мен маркетингтің ең маңызды және тиімді бағыттарының біріне айналып отыр. Себебі бүгінгі аудитория ақпаратты дәстүрлі жарнамалардан гөрі әлеуметтік желідегі сенімді тұлғалардың пікірлері арқылы қабылдауға бейім. Адамдар теледидардағы немесе баннердегі жарнамаға қарағанда, күнделікті өмірде көріп жүрген блогердің кеңесіне көбірек сенеді. Осы себепті инфлюенсерлер бренд пен тұтынушы арасындағы «сенім көпірі» қызметін атқарады.
Инфлюенсерлер – әлеуметтік желілерде белгілі бір аудиториясы бар және сол аудиторияның шешіміне әсер ете алатын тұлғалар. Олар lifestyle, сән, технология, білім, мотивация немесе ойын-сауық сияқты түрлі бағытта контент жасайды. Брендтер үшін олармен жұмыс істеу тек жарнама емес, сонымен қатар имидж қалыптастыру, аудиториямен эмоционалдық байланыс орнату құралы болып табылады. Инфлюенсер маркетингтің басты артықшылығы – оның табиғилығында. Блогер өнімді «жарнама» ретінде емес, өз тәжірибесінің бір бөлігі ретінде көрсетеді, сол арқылы өз аудиториясына шынайы әсер қалдырады.
Мысалы, әлемдік нарықта Samsung компаниясы инфлюенсер маркетингті өте тиімді қолданады. Олар жиі танымал тұлғалармен және блогерлермен, соның ішінде K-pop индустриясындағы жұлдыздармен жұмыс істейді. Мәселен, BTS тобымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатып, арнайы Samsung BTS Edition өнімдерін шығарды. Бұл тек жарнама ғана емес, бренд пен фанаттар қауымдастығы арасындағы эмоциялық байланыс орнатқан өте сәтті маркетингтік қадам болды. Миллиондаған жанкүйерлер бұл өнімдерді сатып алу арқылы өздерінің сүйікті тобымен байланысын сезінді.
Тағы сол сияқты BLACKPINK тобы да әлемдік брендтердің бет-бейнесіне айналған. Олардың “Kill This Love” сияқты бейнежобалары K-pop индустриясының визуалды әсері мен жаһандық ықпалын айқын көрсетеді. Бұл сияқты контенттер брендтер үшін маңызды шабыт көзі болып табылады, себебі ол жастар аудиториясына әсер етудің күшті визуалды және эмоционалды тәсілін көрсетеді. Осындай мәдени феномендер инфлюенсер маркетингтің тек жарнама емес, тұтас мәдени коммуникация құралы екенін дәлелдейді.
Қазақстанда да инфлюенсер маркетинг қарқынды дамып келеді. Жергілікті блогерлер Instagram, TikTok және YouTube платформаларында үлкен аудитория жинап, түрлі брендтермен серіктестік орнатып жүр. Соның ішінде, NNN атымен танымал Нұрдаулет сияқты блогерлер өз контенті арқылы аудиториямен еркін әрі жақын байланыс орнатады. Мұндай блогерлердің аудиториясы көбіне жергілікті болғандықтан, олардың ықпалы жоғары болады. Егер блогер белгілі бір өнімді өз күнделікті өмірінде қолданып көрсетсе, аудитория оны шынайы кеңес ретінде қабылдайды. Яғни, классикалық жарнамадан әлдеқайда тиімді әсер береді.
Инфлюенсерлермен жұмыс істеудің тағы бір маңызды қыры – мақсатты аудиторияға дәл бағытталуы. Әр блогердің өз аудиториясы бар, біреуі сән мен сұлулыққа қызықса, екіншісі технология немесе білім контентін ұстанады. Сондықтан брендтер өз өнімін дұрыс инфлюенсер арқылы ұсынса, нәтиже әлдеқайда жоғары болады. Сондай-ақ микро және нано-инфлюенсерлердің рөлі де өте маңызды. Олардың аудиториясы аз болғанымен, сенімділігі жоғары, сондықтан кей жағдайда дәл осындай блогерлермен жұмыс істеу тиімдірек нәтиже береді.
Әйткенмен, бұл саланың өз тәуекелдері де бар. Кейбір блогерлерде жалған жазылушылар болуы мүмкін, ал енді бірінде жарнамалар табиғи шықпай, аудитория тарапынан теріс реакция тудыруы ықтимал. Сондықтан да брендтер инфлюенсерді таңдағанда тек оның танымалдығына емес, аудиториясының белсенділігіне, контент сапасына және сенімділігіне назар аударуы керек. Сәйкесінше, барлық келісімдер алдын ала нақты белгіленіп, контент форматы мен талаптары анық жазылуы тиіс.
Айтылған ойларды саралай келе, блогерлер және инфлюенсерлермен жұмыс – қазіргі заманғы коммуникацияның ең тиімді құралдарының бірі. Ол тек өнімді жарнамалау емес, бренд пен аудитория арасында сенім мен эмоциялық байланыс орнату тәсілі. Әсіресе Қазақстан сияқты дамушы цифрлық нарықта жергілікті инфлюенсерлердің рөлі ерекше маңызды, себебі олар аудиторияға жақын әрі түсінікті тілде әсер ете алады. Дұрыс таңдалған стратегия мен сенімді инфлюенсер арқылы кез келген бренд өз танымалдығын арттырып қана қоймай, ұзақ мерзімді имидж қалыптастыра алады.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Журналистика мамандығының 3 курс студенті
Фото: «Chatgpt» қосымшасы арқылы жасалған

