Ауданда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары біртіндеп жүйеленіп келеді. Соның ішінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған шаралар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, табиғатқа деген жанашырлықты арттыруға ықпал етуде. Бұл жолғы экологиялық акция да мазмұны жағынан кеңейіп, тазалық жұмыстарын көгалдандыру және қалдықтарды тиімді пайдалану бастамаларын ұштастыруымен ерекшеленді. Мұндай үйлесім қоршаған ортаны қорғау ісіне кешенді көзқарастың қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Акцияның негізгі бағытының бірі – көгалдандыру жұмыстары болды. Таңсәріден басталған шара барысында Тұщықұдық ауылдық округі аумағына 500 түп ағаш отырғызылып, оның 300-і қара ағаш, 200-і шаған көшеттері болды. 350-ге жуық адам мен 10 техника жұмылдырылған сенбілікте тұрғындар мен мамандар бірлесе еңбек етіп, қысқа уақыт ішінде ауылдың бірқатар бөлігі жасыл желекпен толықты. Ал бұл табиғатқа деген қамқорлық пен ортақ іске жауапкершіліктің айқын көрінісі. Шара аясында ұйымдастырылған тағы бір маңызды бағыт – пластик қалдықтарын жинау бастамасы. Тұрғындар арасында қызығушылық тудырған «Бос пластикалық бөтелке әкеліп, балмұздаққа айырбаста!» акциясы қайта өткізіліп, бұл жолы ауқымы кеңейе түсті.
Нәтижесінде 10 мыңға жуық бөтелке жиналып, олардың жалпы салмағы 500 келіні құрады. Әр 5 бөтелке тапсырған тұрғынға 1 балмұздақ беріліп, барлығы 2000 дана таратылды. Бұл қарапайым тәсіл, әсіресе, балалардың белсенділігін арттырды. Қап-қап бөтелке жинап келген бүлдіршіндердің әрекеті табиғатқа деген алғашқы жауапкершілік сезімінің қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Ата-аналар да мұндай бастамалардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып, оның ұрпақ санасына әсері зор екенін жеткізді.

Акцияға арнайы қатысқан «Интаго Қазақстан» ЖШС-нің бас директоры Азамат Асылбеков бастаған кәсіпкерлер бұл бастаманың тек экологиялық емес, экономикалық маңызын да атап өтті. Компания бүгінде Қарабатанда ірі өндіріс орындарын іске қосып, дайын өнім шығаруға бағыт алған. Соның ішінде Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі – полиэфир штапельді талшық өндіретін зауыттың жұмысы жолға қойылған. Ал алдағы уақытта осы өнімнің негізгі шикізаты саналатын пластикалық қалдықтарды өз елімізде өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа зауыт іске қосылмақ. Кәсіпкердің айтуынша, пластикті қайта өңдеу – қос ұтымды бағыт. Біріншіден, ол экологиялық мәселені шешуге ықпал етеді. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан тиімді. Қазіргі таңда пластиктің бір келісі шамамен 180 теңгеге бағаланып отыр. Бұл күнделікті тұрмыста тасталып жатқан қалдықтың өзі нақты табыс көзіне айнала алатынын білдіреді. Осы тұрғыда компания өкілдері аудан орталығында пластикалық қалдықтарды тұрақты қабылдайтын арнайы орын ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Егер бұл жоба жүзеге асса, жергілікті халық үшін қосымша табыс көзі пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Акция алаңында қолдарына қап-қап бөтелке ұстап келген бүлдіршіндер жиі көзге түсті. Олардың табиғатқа деген жанашырлығы мен белсенділігі үлкендерге де үлгі болды. Балаларын ертіп келген ата-аналар да мұндай шаралардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.

– Мұндай акциялар балаларды тазалыққа, еңбекке баулиды. Бүгін балаларым өздері бөтелке жинап, қуанып тапсырды. Осындай игі істер жиі ұйымдастырылса, ауылдың да, ұрпақтың да болашағы жарқын болары сөзсіз,-дейді ауыл тұрғыны Нұргүл Нығыметова.
Жалпы бұл жолғы акция екі бағыттың өзара байланысын айқын көрсетті. Бірінде – ағаш отырғызу арқылы табиғатты көркейту болса, екіншісінде – пластик жинау арқылы оны ластамаудың нақты қадамы. Яғни, бұл тек бір күндік сенбілік емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен ресурсты тиімді пайдаланудың сабақтастығын көрсеткен мазмұнды бастама болды.

